Қазақстан мен Италия өндірістік кооперация мен логистикалық әріптестікті нығайтуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астана халықаралық форумы қарсаңында Астана қаласында Қазақстан-Италия бизнес-форумы өтті. Іс-шараны Италия-Қазақстан сауда қауымдастығы (ACIK) екі елдің мемлекеттік органдарының қолдауымен ұйымдастырды. Форумның басты тақырыптары өндірістік кооперацияны дамыту, логистикалық тізбектерді цифрландыру және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту болды.

Форумға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов, Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев, сондай-ақ салалық министрліктердің, ұлттық компаниялардың және бизнес өкілдері қатысты. Италия тарапынан MAIRE, ENI, Tenaris, Leonardo, Danieli, Bonifiche Ferraresi, Confindustria, Confapi және басқа да жетекші компаниялар мен қауымдастықтардың басшылары қатысты.

Форум аясында «Қазақстанның жеткізу тізбегі және “Made with Italy” мүмкіндіктері» атты панельдік сессия өтті. Сессия барысында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Габидулла Оспанқұлов сөз сөйледі. Өз сөзінде ол Италия Қазақстанның үшінші маңызды сауда әріптесі екенін атап өтті, сондай-ақ 2024 жылы екіжақты тауар айналымы 24%-ға артқанын мәлімдеді. Сонымен қатар, оның айтуынша, сауда құрылымы әлі де тар ауқымды және оны әртараптандыру қажет.

Г. Оспанқұлов серіктестікті тереңдетуге мүмкіндік бар негізгі салаларға жеке тоқталып өтті. Олардың қатарында көлік және логистика, энергетика, агробизнес пен цифрлық трансформация бар. Ол Қазақстан 2029 жылға дейін 80 млрд АҚШ долларын тарту арқылы 200-ден астам инфрақұрылымдық жобаны іске асыруды көздеп отырғанын және халықаралық дәліздерді, соның ішінде Орта және Солтүстік-Оңтүстік бағыттарын белсенді дамытып жатқанын атап өтті. Триест және Генуя порттарымен ынтымақтастыққа ерекше қызығушылық білдірілді. Сонымен қатар, ол жасыл энергетика мен жасанды интеллект салаларындағы әлеуетке назар аударып, Қазақстан бірлескен жоғары технологиялық бастамаларды іске қосуға дайын екенін айтты.

«Жеткізу тізбектерін дамыту – бұл біз үшін өнеркәсіп, энергетика, АӨК және цифрлық технологияларды қамтитын стратегиялық үдеріс. Италиялық компаниялармен бірлескен жобалар терең локализация мен еуропалық нарықтарға шығудың қозғаушы күшіне айнала алады», – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ «Бизнес-кейстер мен үздік тәжірибелер» атты панельдік сессия өтті. Ол қазақстандық және италиялық компаниялар арасындағы табысты өзара іс-қимыл тәжірибесіне арналды. Талқылау барысында «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Азамат Қожанов ұлттық компания италиялық инвесторларға алаңдарды іріктеуден бастап жобаларды барлық кезеңде сүйемелдеуге дейін жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін растады. Ол бизнестің қызығушылығы тұрақты түрде жоғары екенін атап өтіп, бастамаларды талқылаудан олардың нақты іске асуына көшу маңызды екенін ерекше айтты.

Форум былтыр қазан айында Миланда өткен екіжақты бизнес-форумда басталған диалогтың жалғасы болып, сонымен қатар Италияда өтетін келесі кездесу дайындығының бастапқы кезеңі ретінде қызмет етті. Іс-шара аясында B2B және B2G форматтарында кездесулер өтіп, практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге арналған нақты жобалар мен мүмкіндіктер талқыланды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/invest/press/news/details/1006887?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді