
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлқы жағдайларының алдын алуға бағытталған.
Мемлекеттік қызметті атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық келбетіне жоғары талаптар қояды.
Этикалық кодекстің нормаларына сәйкес мемлекеттік қызметшілер қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтауға, өздерінің іс-әрекеттерімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан сынға себеп бермеуге тиіс.
Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі келесідей қағидаттарға негізделеді:
1) адал ниеттілік – қоғам игілігі үшін мемлекетке кәсіби және жауапты қызмет ету;
2) адалдық – өз міндеттеріне шынайы көзқарас;
3) әділдік – жеке және заңды тұлғалардың, қоғамдық топтар мен ұйымдардың ықпалына қарамастан заңды шешім қабылдау және кез келген мән-жайлар бойынша біржақтылық пен субъективтілік себебінен адамдарды кемсітуге жол бермеу;
4) ашықтық – жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын екенін көрсету және өз іс-қимылының ашықтығын қамтамасыз ету;
5) сыпайылық – азаматтар мен әріптестерге дұрыс және құрметпен қарау;
6) клиентке бағдарлану – мемлекеттік қызметтерді тұтынушы ретінде халықтың сұраныстарына толықтай бағдарлай отырып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және жолданымдарды қарау кезiнде төрешiлдiк көрiнiстерiне және әуре-сарсаңға салуға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің нормаларын сақтау әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеттемелерінің бірі болып табылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-aktobe/press/news/details/1006804?lang=kk

Жауап қалдыру