
Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы, білімді де білгір жастардың қолында. Жастар алдыңғы буын ағалардың жолын лайықты жалғастырып, өздерінің сенімді ізбасар екенін дәлелдеуде. Осы орайда, аудан мектептері пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалардың, халықаралық, республикалық байқаулардың жүлдегерлері қатарын жыл сайын арттырып келеді.
Сарыкемер ауылындағы №7 орта мектебінде аудан әкімі дарынды оқушылармен кездесіп, ашық сұхбат алаңын өткізді.
Оған халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда топ жарған 20 оқушы қатысты. Басқосуда аймақ басшысы: “Қазіргі заманда білімді және кәсіби маман болу өте маңызды. Білімді адамның шамасы бәріне жетеді. Сендер үшін ең бастысы, жақсы оқып, білім алу. Бос уақыттарыңды тиімді пайдаланып, тіл үйреніңдер. Бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасатындарына сенімдімін”, – деді. Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрінің Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында «Қазақстан балалары» онкүндігі аясында, еліміздің жас азаматтарына жасаған Үндеуін тыңдады. Үндеуде елімізде оқушылар үшін жайлы орта қалыптастыру, сапалы білім мен саналы тәрбие беру маңызды міндет болатыны айтылды. Еркін форматта өткен кездесу барысында оқушылар аудан әкіміне көкейде жүрген сұрақтарын қойды. Олжас Елебекұлы сауалдарға жауап бере отырып, өмірлік тәжірибесімен де бөлісті.
Жиын соңында оқушылардың білім сайыстарындағы жетістіктерін бағалай отырып, «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында кітаптар мен Алғыс хаттарды табыстады.
Ақпараттық медиа орталығы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-bayzak/press/news/details/1005807?lang=kk

Жауап қалдыру