
Жамбыл облысы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінде «Мемлекеттік тіл – менің тілім!» атты байқаудың екінші кезеңі өтті.
Іс-шараға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің өзге ұлт өкілдері белсенді қатысты. Байқаудың басты мақсаты – әскери қызметшілер арасында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, қазақ тіліне деген құрметті арттыру, сондай-ақ тіл мәдениетін қалыптастыру болатын.
Қазылар алқасына «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Атабек Салихбаев жетекшілік етті. Қазылар құрамында әскери сала мамандары ғана емес, мәдениет және қоғамдық ұйымдардың өкілдері де болды. Бұл байқаудың әділ әрі мазмұнды өтуіне өз үлесін қосты.
Байқау нәтижесінде:
•1 орын – 5571 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, кіші сержант Бондаренко Ролланға бұйырды.
•2 орынды – 3650 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, ефрейтор Сеит Пархат иеленді.
•3 орынды – 5514 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Бехтольд Мирас пен 5574 әскери бөлімінің аға сержанты Шамуратов Эркинбой өзара бөлісті.
•Қазақстан халқы ассамблеясының арнайы сыйлығына 5547 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, сержант Сергей Образцов лайық деп танылды.
Жеңімпаздар арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Бұл тағылымды шара – ел бірлігінің негізі саналатын тілге деген құрметтің нақты көрінісі болды. Қатысушылар мен көрермендер үшін байқау ерекше рухани серпіліс сыйлап, мемлекеттік тілдің мерейін арттырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-cultura-arhiv/press/news/details/1013691?lang=kk

Жауап қалдыру