
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Майдантал ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуде ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі, дамудың негізгі бағыттары және алдағы жоспарлар жан-жақты талқыланды.
Жиын барысында округ әкімі Жандос Досболов 2025 жылдың қаңтар–мамыр айларында атқарылған жұмыстар мен жобалар бойынша қорытынды баяндама жасады. Атап айтқанда, осы кезеңде 34,7 млн теңге бюджет қаражаты игеріліп, салық және жер сатылымынан 7,2 млн теңге табыс түсті. 1606 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді, 24 мыңнан астам мал басы тіркелді. Кәсіпкерлік саласына 216 млн теңге инвестиция тартылып, бала-бақша мен 400 ірі қараға арналған бордақылау алаңының құрылысы басталды.
Сонымен қатар, Егізқара, Ынталы және Қаражон елді мекендерінде жол жөндеу, ауыз су жүйесі, электр желісі, саябақ және спорт кешенін салу сияқты ауқымды құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2025–2026 жылдары балалар алаңы, аялдама мен ауыл кіреберісіндегі арка жөнделетін болады.
Кездесу барысында тұрғындар ауыл инфрақұрылымы, жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығы мен білім беру саласына қатысты мәселелерді көтерді. Әсіресе, мектеп пен денсаулық сақтау нысандарын жаңарту және жаңа жұмыс орындарын ашу қажеттігі айтылды.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров қойылған сұрақтарға жауап беріп, ауылды дамыту бағытында нақты жоспарлар мен шараларды таныстырды. «Біз Майдантал ауылдық округінің әлеуетін толық пайдалануға тиіспіз. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығына инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында нақты жобалар жүзеге асырылады», – деді ол.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sauran-turkestan/press/news/details/1014891?lang=kk
Жауап қалдыру