1 маусым мен 31 қазан аралығында Жетісу облысының аумағында «Қарасора» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өтуде. Шараның негізгі мақсаты — есірткі құрамындағы өсімдіктерді заңсыз егу фактілерін анықтау және жою, олардың заңсыз айналымының жолын кесу, сондай-ақ нашақорлықтың алдын алу.
Осыған байланысты Жетісу облысы Полиция департаментінде гарнизондық жиын өткізілді. Іс-шараға полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан сарбаздары қатысты. Жетісу облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Ельдар Әбдікенов жеке құрамға нұсқаулық өткізіп, аталған операция аясында атқарылатын басым бағыттар мен тиімді іс-қимыл шараларын түсіндірді.
Сап барысында бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимыл, рейдтік іс-шаралар кезінде заңдылықты сақтау және тұрғындардан келіп түсетін ақпараттарға жедел әрекет ету мәселелері ерекше атап өтілді. Ельдар Әбдікенов есірткі қылмысына қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның бірлескен күш-жігерін қажет ететінін атап өтті.
«Қарасора» операциясы өсімдік өсетін белсенді маусымда жыл сайын өткізіліп келеді және есірткі бизнесіне қарсы күресте тиімді құрал ретінде өзін дәлелдеген. Шара барысында шалғай аумақтарды тексеру, рейдтер жүргізу және тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жоспарланған.
Полиция департаменті басшылығының пікірінше, барлық құрылымдардың үйлесімді жұмысы қоғамдық қауіпсіздік пен азаматтардың денсаулығын қорғауға елеулі үлес қосады. #Көк_тудың_желбірегені
#Менің_елім_менің_тілім
#Бір_ту_бір_ел
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1012033?lang=kk
Жауап қалдыру