ТҮРКІСТАНДЫҚ ӨНЕРПАЗДАР «ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ» ФЕСТИВАЛІНІҢ КЕЛЕСІ КЕЗЕҢІНЕ ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Бүгін Түркістан қаласында дәстүрлі «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалінің кезекті кезеңі өтті. Мәдениет пен өнерді дәріптейтін айтулы шарада Түркістан қаласы мен Шардара ауданының өнер ұжымдары өзара сынға түсті. Қазылар алқасының шешімімен Түркістандық өнерпаздар келесі кезеңге жолдама алды.
Фестиваль аясында шығармашылық ұжымдар ұлттық болмыс пен өнердің сан қырын көрерменге паш етті. Салтанатты шараға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы қатысып, өнерпаздардың өнерін тамашалап, жерлестеріне қолдау көрсетті. Керуен Сарай кешенінде өткен мерекелік кеш қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлады.
Бағдарлама барысында ақындар айтысы, дәстүрлі терме, ұлттық аспаптар ансамблі, эстрадалық ән, би өнері, вокалды-аспаптық топтар, «Ауылдың алты ауызы», сондай-ақ салт-дәстүр көріністері ұсынылды.
Сондай-ақ фестиваль шеңберінде өңір мақтаныштарының туындылары мен қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Қаланың жетістіктері мен кітап көрмелері де көрермен назарына ұсынылып, ұлттық рух пен мәдени құндылықтарды дәріптеуге басымдық берілді.
Биылғы фестивальдің ережесіне бірқатар өзгерістер енгізілген. Байқау үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде жеребе арқылы жұптасқан аудан-қалалар өзара сынға түсіп, үздіктер келесі айналымға өтеді. Ал ақтық сында үздік өнер ұжымдары анықталады. Қатысушылардың өнерін кәсіби қазылар алқасы жанрлық ерекшелік, ұлттық нақыш, сахналық мәдениет пен ұйымдастырушылық деңгей бойынша бағалайды.
Қазылар құрамында ҚР Мәдениет саласының үздігі, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Әлиакбаров, ақын, Облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы» Түркістан облыстық филиалының төрағасы Тұрар Тілеулиев, ҚР Мәдениет қайраткері, композитор, Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ оқытушысы Әлімбай Ботақараев және Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының хореографы Ақниет Әмзехан бар.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1017511?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді