Инклюзивті білім: елде дефектологтар тапшы

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Елде инклюзивті білім беретін маман тапшы. Ал қоғамда бүлдіршіндердің тілінің кеш шығуынан, логопед пен дефектологтарға деген сұраныс еселеп артқан. Тілінде мүкісі бар балалармен жұмыс істейтіндерге деген қажеттілік, әсіресе аймақтарда ерекше байқалады.

Қазақ баласы ертеден бесік жырын тыңдап, ана әлдиімен ер жетті. Алайда соңғы жылдары бүлдіршіндердің тілі кеш шығып, сөйлеу қабілетінде кідіріс байқалатыны бәріне мәлім. «Балам сөйлемейді» деп шырылдаған ата-ананың саны күн санап көбейіп келеді. Ашық деректерге сүйенсек, соңғы 7 жылда балалар арасында аутизм, тіл мүкістігі, психикалық дамудың кешігуі сынды диагноздар күрт артқан. Салдарынан логопед пен дефектолог мамандарға деген сұраныс артқан. Бірақ сұранысқа сай ұсыныс аз. Өйткені елде бұл салада қызмет ететін мамандар санаулы ғана.

«Дефектологияның әр саласын бөлек-бөлек оқытатын. Қазіргі оқу орындарында бәрі біріктірілген. Маман тапшылығын жою үшін ең алдымен жоғары оқу орындарындағы оқыту жүйесін қайта қарау қажет деп ойлаймын. Логопедия, олигофренопедагогика, сурдопедагогика сынды бағыттарды тереңдетіп оқыту жүйесі қолға алынуы тиіс. Сонда ғана нақты диагнозбен жұмыс істей алатын кәсіби мамандар дайындалады», – деді № 5 қалалық клиникалық ауруханасының логопед, сурдопедагогі Сәуле Әсембекова.

Тәжірибелі мамандардың сөзіншеғ сурдология практика мен білімнен бөлек, жүректілікті талап ететін жұмыс. Дефектологияны таңдаған студенттер психологиялық ауытқуы мен мүкістігі бар балалардың тілін тауып, өзіне сендіре білуі шарт.

 «Сурдолог болу үшін 6-7 жылдан кейін лордан өтуі керек. Лор врачтан өткеннен кейін сурдологияға барғысы келмейді. Біздің жұмыс өте қиын. Жүйкеге қысым түседі. Түсінбейтін, сөйлей алмайтын, естімейтін кісілер келеді. Әлемдегі бар соңғы технология приборлар бар. Шетелден келген кісілер көріп, таңғалады», – деді № 5 қалалық клиникалық ауруханасы сурдология бөлімінің меңгерушісі Атымтай Туғанбаев.

Бүгінде логопедиялық көмек көрсету процесінде жаңа технологиялар мен инновациялық әдістер кеңінен қолданылып жүр. Арнайы компьютерлік бағдарламалар, мобильді қосымшалар мен мультимедиялық құралдар балалардың сөйлеу дағдыларын жетілдіруге оң ықпал етіп жатыр.

«Ата-ана баланы естіп отыр деп ойлайды. Бірақ ол дыбысты толық қабылдамауы мүмкін. Кейде баланың құлағындағы есту жолдары сұйықтықпен бітеліп тұрады, туа біткен немесе кейін пайда болған бұзылыс болуы ықтимал. Бұл дыбысты қабылдауды қиындатып, соның салдарынан сөйлеу мен дамуы тежеледі.  Кейбір ата-ана тіпті баламен тілдесуді гаджетке тапсырып қойған», – деді № 5 қалалық клиникалық ауруханасының сурдопедагогі Гүлмира Шолпанқұлова.

«Қазіргі заманда дефектологтар балабақшада немесе мектептерде топпен оқытады. Тілдегі бұзылыстарды жөндеу үшін әр балаға жеке-жеке дефектолог болса, өте жақсы болар еді», – деді нейропсихолог Гүлім Смағұлова.

Тәжірибелі дәрігерлердің айтуынша, кәсіби маман тапшылығын шешу үшін дефектология саласына жүйелі өзгеріс енгізу керек. Әсіресе жоғары оқу орындарында бағыттарды даралап оқытып, дайындықты күшейту маңызды. Сонымен қатар жас мамандарға қолдау көрсетіп, ауыл-аймаққа тарту шараларын жүйелі түрде қолға алу қажет.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-densaulyk/press/news/details/1004844?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді