КЕМЕЛДІКТІҢ КӨРІНІСІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Кешегі күні елдік пен руханиятты ұштастырған маңызды оқиғаның куәсі болдық. ҚР Ішкі істер министрлігі жариялаған “Профилактика жылы” аясында ауданымыздағы Зағамбар, Алғабас және Тағайна ауылдары “ішімдіксіз ауыл” мәртебесін қабылдап, аудандық Полиция бөлімінің басшысы полиция полковнигі Ғалымжан Қуашбаевтың “Келешекке кемелденген үш ауыл” атты бастамасына ресми түрде қолдау білдірді.
Бұл – тек бір реттік акция емес, бұл – өмір салтына айналуы тиіс ұстаным, ұрпаққа аманат болатын жауапты қадам. Ел болашағына деген жанашырлықты, ұлт денсаулығына деген қамқорлықты паш еткен бұл шешім – нағыз кемелдіктің көрінісі.
Салтанатты жиынға облыстық ішкі істер органдарының басшылығы, зиялы қауым өкілдері және ауыл тұрғындары қатысып, бастаманы қызу қолдады. Аудандық мәслихат төрағасы ретінде мен өз атымнан және аудан әкімі атынан ауыл ақсақалдарына, жастарға, белсенді азаматтарға алғыс айтып, бірқатар игілікті іске ұйытқы болған жандарға әкімшілік пен мәслихаттың арнайы Алғыс хаттарын табыс еттім.
Шара барысында Түркістан облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры М.Қабденовтің, “AMANAT” партиясының және ішкі істер бөлімінің Алғыс хаттары да табысталды.
Кештің көркін қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, жерлесіміз Алтынай Жорабаева мен аудан және ауыл өнерпаздарының әсерлі әндері кіргізді. Жиналған жұрттың ықыласы ерекше болды.
Алғабас, Зағамбар, Тағайна – бұл үш ауыл тек атауымен емес, ісімен де өнеге көрсетті.
Бұл – келешекке деген сенім, тәртіп пен тазалықты ту еткен тұтас бір буынның таңдауы.
Бұл – жастарды жамандықтан қорғап, ұрпақты ұлағатқа баулудың нақты көрінісі.
Бұл – ұлт болашағына салынған рухани іргетас.
Үлгі болған үш ауылға – мың алғыс. Береке мен бірлік баянды болсын.
 
Аудандық мәслихаттың
төрағасы                                  Н.Қойбағаров

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-tolebi/press/news/details/1004427?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді