
Ақтөбе облысында жазғы маусымға тыңғылықты дайындық жүргізілді – балалардың демалысы мен бос уақытын өткізу үшін қанық әрі қауіпсіз бағдарлама ұйымдастырылуда. Білім басқармасының бастамасымен 10 мемлекеттік органмен бірлесе іс-шаралардың кешенді жоспары бекітілді.
Өткен жылдардың тәжірибесін ескере отыра, өңірлік ведомствоаралық штаб құрылып, егжей-тегжейлі жұмыс алгоритмі жасалды. Нысандарды қабылдау кестелері мен лагерь қызметкерлеріне арналған нұсқаулықтар әзірленді.
Биыл облыста 291 мыңнан астам бала түрлі жазғы демалыстармен қамтылатын болады. Бір бала бір уақытта бірнеше іс-шараға қатыса алады. Мәселен, қаладағы және мектептегі лагерлерге де, экскурсияларға да, қосымша білім беру ұйымдарындағы сабақтарға да. Бағдарламаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 228,1 млн. теңге бөлінді.
«Жазғы уақытта балалар үшін сауықтыру орталықтары, тамақтанатын және мамандандырылған іс-шаралары бар мектеп жанындағы лагерьлер, сондай-ақ қосымша білім беру ұйымдары жанындағы ойын алаңдары жұмыс жасайды. Әсіресе, жасөспірімдерді жұмысқа орналастыруға ерекше көңіл бөлінеді: жастар еңбек жасақтарына 700-ден астам бала қатысады», – деп атап өтті білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева.
Бағдарламаның маңызды бөлігі белсенді демалысқа арналған: туристік саяхаттар, экскурсиялар және тақырыптық серуендер, соның ішінде аула клубтары мен туристік орталықтардың тәрбиеленушілері үшін де жоспарланған. Сондай-ақ, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен екінші жыл қатарынан «Жазғы жолдама» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылып, соның аясында биыл 285 бала жолдама алады.
«Биылғы жаздың жаңалығы балалар туризмін және патриоттық тәрбиені дамытуға бағытталған «Тарих ізімен» жобасы болды. Оның аясында жүздеген өлкетану жасақтары құрылып, 28 мыңнан астам бала облыстағы киелі жерлер мен еліміздің тарихи маңызы бар жерлерін аралай алады», – деді басқарма басшысы.
Жазғы бағдарламада білім беру және кәсіби даму үлкен рөл атқарады. «SKILLS CAMP» жобасы аясында өңірдегі колледждердің жанынан кәсіптік бағдар беретін лагерьлер ашылады. Онда мектеп оқушылары инженерия, веб-дизайн, робот техникасы, электроника, шаштараз және аспаздық сияқты салалар бойынша білім алады. Дарынды балалар «ЗИЯТКЕР» зияткерлік дамыту лагерінде білімдерін тереңдетіп, олимпиадаларға дайындала алады.
Сонымен қатар, облыста балалардың шығармашылық, сыни ойлауы мен экологиялық мәдениетін дамытуға көмектесетін ЭКО-ЖАЗ» экологиялық лагері мен MEDIALAB шығармашылық алаңы жұмыс жасайтын болады.
Осылайша Ақтөбе облысы оқушыларға жай ғана демалыс емес, әсерлі, жаңа білім мен достыққа толы жарқын, танымдық әрі пайдалы жазды ұсынады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-sayasat/press/news/details/1004261?lang=kk
Жауап қалдыру