
Семей қаласындағы «Ыбырай Алтынсарин атындағы №37 гимназиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Жұлдызды жол – 2025» атауымен соңғы қоңырау салтанатты шарасы жоғары деңгейде өтті.
Іс-шарада 84 мектеп түлегіне құрмет көрсетіліп, оларды жаңа өмірге салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Мектеп қабырғасында түрлі салада белсенділік танытып, жоғары нәтижелерге қол жеткізген оқушылардың жетістіктері атап өтіліп, ұстаздар мен ата-аналарға марапаттар табысталды.
Салтанатты жиынға Семей қаласы әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышев қатысып, жиналған қауымды оқу жылының аяқталуымен құттықтады.
«Баршаңызды оқу жылының аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – әр түлек үшін ерекше толқынысқа, қуаныш пен қимастыққа толы сәт. Биыл Семей қаласында 2 276 оқушы мектеппен қоштасып, үлкен өмірге жолдама алғалы отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлттың бәсекеге қабілеті – жастарының білім деңгейімен айқындалады» деген болатын. Расында да, білім – елдің болашағы мен дамуының негізі. Ата-ана мен ұстаздар сенімін ақтап, еліміздің ертеңіне үлес қосатын азамат болыңыздар. Сынақта сәттілік серіктеріңіз болсын!» – деді қала әкімінің міндетін атқарушы өз құттықтауында.
Мерекелік жиын барысында мектептің шығармашылық ұжымдары мен 1-сынып оқушыларының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды.
Сонымен қатар, Семей қаласындағы №5 мектеп-гимназиясы, Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясы және №17 мектепке «Үздік мектеп – 2025» ұлттық конкурсының жеңімпазы атанғаны үшін арнайы марапат табысталды. Бұл – білім беру сапасын арттыруға, оқушылардың жетістіктерін қолдауға және заманауи оқыту әдістерін енгізуге бағытталған жүйелі жұмыстың жарқын нәтижесі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-semey/press/news/details/1003895?lang=kk
Жауап қалдыру