Әзірбайжандық туроператорларға Маңғыстаудың туристік мүмкіндіктері таныстырылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Маңғыстау облысына әзірбайжандық 12 туристік оператор өкілдері арнайы іссапармен келді. Қонақтар төрт күн бойы аймақтың ең көрікті жерлерін аралап, туристік бағыттармен танысады, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы. Әзірбайжандық делегация сапарын Маңғыстау облыстық туризм басқармасы мен «Fly Arystan» әуекомпаниясы ұйымдастырды. Мақсат – өңірдің туристік әлеуетін таныстыру арқылы шетелдік туристер легін арттыру. Саяхат бағдарының таныстырылымы «Rixos Water World Aktau» қонақүйінде өтті. Жиынға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, облыстық туризм басқармасының басшысы Ерсін Ибрашев және әзірбайжандық делегация өкілдері қатысты. –Әзірбайжандық туроператорларды өңірге шақырудағы басты мақсат – Маңғыстау туризмін халықаралық деңгейде дамыту. Төрт күндік ақпараттық тур аясында олар Бозжыра, Қызылкүп, Шерқала, Айрақты, Жығылған, Шақпақ ата, Торыш, Көгез сынды табиғи нысандарды аралайды. Алдағы уақытта осы бағыттар негізінде әзірбайжандық туристерге арналған арнайы туристік пакеттер жасақталатын болады. Соңғы күні джип-тур ұйымдастырылып, Маңғыстаудың ерекше аймақтары көрсетіледі, – деді Ерсін Ибрашев. Әзірбайжандық «Pasha Travel» туроператорының басшысы Неджат Амиров маңғыстаулықтардың ілтипаты мен қонақжайлылығы үшін ризашылығын білдірді. –Бізді өте жылы қарсы алды. Өз елімізде жүргендей әсердеміз. Алдағы күндері Маңғыстаудың көрікті жерлерін аралап, оның сұлулығын өз көзімізбен көреміз. Бұл тур болашақта әзірбайжандық туристер үшін де қызықты бағыт боларына сенемін. Бұл сапар біз үшін ұмытылмас болмақ, – деді Неджат Амиров.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1003857?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді