
Алматы қаласында Орталық Азия елдері мен Қытай кеден қызметтері басшыларының кездесуі аясында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембаев пен Өзбекстан Республикасы Экономика және қаржы министрлігі жанындағы Кеден комитетінің төрағасы Акмалхужа Мавлонов арасында екіжақты кездесу өтті.
Кездесу барысында тараптар кеден саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады. Әсіресе Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерін жаңғырту, өткізу қабілетін арттыру және көлік жүктемесін азайту мақсатында электронды кезек жүйелерін енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Келіссөздер нәтижесінде екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған үш негізгі құжатқа қол қойылды:
Қазақстан–Өзбекстан шекарасы арқылы құбыр көлігімен және электр беру желілері арқылы тасымалданатын энергия ресурстарын есепке алу аспаптарына қол жеткізу тәртібі;
2017 жылғы 23 ақпанда екі елдің қаржы және кеден органдары арасында қол қойылған ақпараттық өзара іс-қимылдың Техникалық шарттарына қосымша;
2025–2026 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті мен Өзбекстан Республикасы Кеден комитеті арасындағы ынтымақтастық жоспары.
Қол қойылған құжаттар шекарадағы рәсімдердің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, техникалық өзара іс-қимылды кеңейтуге және кедендік процестерді цифрландыруға бағытталған.
Қазақстан тарапы Өзбекстан Республикасы Кеден комитетімен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, оның ішінде тұрақты жұмыс кеңестері мен көшпелі кездесулер өткізу арқылы дайын екенін білдірді.
Тараптар өзара құрмет пен сенімге негізделген стратегиялық әріптестікті дамытуға бейілділігін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd/press/news/details/1003800?lang=kk
Жауап қалдыру