
2025 жылғы 21 мамырда Алматы қаласында Орталық Азия елдері мен Қытай кеден қызметтері басшыларының Екінші кездесуі аясында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев пен Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Кеден қызметінің төрағасы Хуршед Каримзода арасында екіжақты келіссөздер өтті.
Кездесу барысында тараптар кеден саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылап, кедендік әкімшілендіруді цифрландыру мәселелеріне ерекше назар аударды.
Келіссөздердің басты нәтижесі — алдын ала кедендік ақпарат алмасу туралы Хаттамаға және ақпарат алмасудың Техникалық шарттарына қол қойылды. Бұл құжаттар деректер форматын, байланыс арналарын және ақпараттық қауіпсіздік шараларын айқындайды.
Аталған құжатты іске асыру сыртқы экономикалық қызметтің ашықтығын арттырып, тәуекелдерді алдын ала талдауға және тауарлар қозғалысын кідіріссіз бақылаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан тарапы Тәжікстан Республикасы Кеден қызметімен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, оның ішінде тұрақты жұмыс кеңестері мен көшпелі жиындар өткізуге дайын екенін білдірді. Мұндай тәсіл туындайтын мәселелерге жедел әрекет етуге, өзара түсіністікті нығайтуға және тауарлар мен көлік құралдарының қозғалысы саласындағы бірлескен жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Тараптар өзара құрмет пен сенімге негізделген стратегиялық әріптестікті дамытуға бейілді екендерін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd/press/news/details/1003791?lang=kk
Жауап қалдыру