Сарбаздар аналарына тосын сый жасалды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астана қаласында Екінші республикалық сарбаз аналар форумы өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұланның, өзге де күштік құрылымдардың өкілдері, Парламент депутаттары және қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты.

Форум аясында Отан алдындағы азаматтық борышын үздік атқарып жүрген сарбаздардың аналарына құрмет көрсетілді. Құқықтық тәртіп әскерінде қызмет атқаратын сарбаздардың аналарына марапатты Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Қайрат Үмбетов табыстады.

Сахнада аналарды тағы бір жағымды тосын сый күтіп тұрды. Олар елдің әртүрлі аймақтарында қызмет ететін ұлдарымен кездесті. Әскери қызметшілер іс-шараға алдын-ала келіп, күтпеген жерден аналарымен қауышу үшін сахнаға көтерілді. Айта кетейік, сарбаздар ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас Қолбасшысы құқығымен грамоталармен марапатталып,  10 күндік демалыс алды. Кейбір аналар қуаныштың көз жасын жасыра алмады.

– Мен Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде қызмет атқарамын. Бүгінгі шараны ұйымдастырушылар мен әскер басшылығына шексіз ризашылығымды білдіремін, – деді қатардағы жауынгер Владимир Анисимов.

Тағы бір үлгілі сарбаз – қатардағы Әділ Байпақов та өз алғысын жеткізді:

– Анамды көргеніме қуаныштымын. Бұл – мен үшін ең бақытты сәттердің бірі. Қызметімді жоғары бағалаған басшылыққа алғысымды айтамын, – деп атап өтті ол.

Мерекелік шара Ұлттық ұланның ән-би ансамблі және басқа да күштік құрылымдардың әскери өнерпаздарының ұйымдастыруымен өткен концертпен жалғасты.

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1003766?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді