
Бүгін Талдықорған қаласындағы 35 мыңнан аса оқушы үшін соңғы қоңырау соғылып, тағы бір оқу жылы сәтті аяқталды.
Еске сала кетейік, 2024–2025 оқу жылында 3720 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттаса, 1442 оқушы мектеппен қоштасты. Олардың 45-і – «Алтын белгі» иегерлері атануға үміткер болса, 68 түлек үздік аттестатпен бітіреді деп күтілуде.
Осы айтулы күнде қала әкімі Ернат Бәзіл қаламыздың алдыңғы қатарлы білім ордаларының бірі – дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатының соңғы қоңырау салтанатына қатысып, жас түлектер мен ұстаздарға жүрекжарды тілегін арнады. Өз сөзінде әкім білім саласына ерекше назар аударылып отырғанын, заман талабына сай жаңа мектептер бой көтеріп жатқанын атап өтті.
Қала әкімі Ернат Бәзіл:
– Бүгін сіздер балалық шақпен қоштасып, үлкен өмірге қадам басқалы тұрсыздар. Алда түрлі сынақтар мен мүмкіндіктер күтіп тұр. ҰБТ-ны сәтті тапсырып, армандаған оқу орныңызға түсіп, еліміздің игілігіне қызмет ететін білікті маман болуларыңызға тілектеспін! Әр жетістігіңізде ұстаз бен ата-ананың үлесі бар екенін ұмытпаңыздар, – деді.
32 жылдық тарихы бар «Білім-Инновация» лицей-интернатын биыл 41 түлек тәмамдап отыр. Олардың ішінде 7 оқушы – «Алтын белгіге», 5 оқушы – үздік аттестатқа үміткер.
Ерекше атап өтерлігі, осы білім ордасының түлегі Сыдық Асылтай Нью-Йорк университетінің Абу-Даби қаласындағы филиалына «Жаратылыстану-математика» бағыты бойынша толық грант иегері атанды. Бұл – мектеп ұстаздарының кәсіби еңбегі мен Сыдық Асылтайдың табандылығының жарқын нәтижесі. Оның жетістігі Жетісу өңірінің білім сапасын халықаралық деңгейде танытып отыр.
Айта кетейік, Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) биылғы жылы 16 мамырда басталып, 5 шілдеге дейін жалғасады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-taldykorgan/press/news/details/1003374?lang=kk
Жауап қалдыру