
Құрметті ұстаздар, оқушылар, ата-аналар және қадірлі Мақтаарал жұртшылығы!
Сіздерді бүгінгі ерекше әрі толғанысты күн – «Соңғы қоңырау» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн – әрбір мектеп бітіруші үшін балалық шақпен қоштасып, үлкен өмірге жол ашар маңызды сәт, өткенге көз тастап, болашаққа бағыт түзейтін тарихи белес. Қаншама уақыт бойы жинаған білім, өмірлік тәжірибе мен тәрбиенің жемісін көрер сәт те таяп келеді. Бұл – әр адамның жадында жатталып қалатын, ұмытылмас шақ.
Білім ордасы – тек білім мен тәрбие беретін орта ғана емес, бұл – өмірге жолдама беретін қасиетті мекен. Осы шаңырақта қаланған іргетас алдағы өмір жолында сенімді тірекке айналары сөзсіз. Бүгінгі жетістіктер – үлкен еңбектің, төзімділіктің және бірліктің нәтижесі.
Бұл күн – ұстаздың да, ата-ананың да, бүкіл елдің де жүрегін елжірететін мереке. Өйткені, әрбір түлек – ел ертеңі, болашақтың тұтқасын ұстар азамат. Сондықтан бүгінгі соңғы қоңырау үні – тек қоштасудың емес, болашаққа үмітпен қадам басудың нышаны.
Еліміздің кемел келешегі – білімді де тәрбиелі, елін сүйетін жастардың қолында. Осы жолда алдарыңыздан тек жарқын белестер, ашық көкжиек, үлкен мүмкіндіктер күтіп тұр. Алған білімдеріңіз бен жинаған тәжірбиелеріңізді ел игілігіне жұмсап, Тәуелсіз Қазақстанның абыройын асыратын азаматтар болуларыңызға тілектеспін!
Баршаңызды осы мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, ашық аспан, жарқын болашақ және үлкен табыстар тілеймін!
Соңғы қоңырау мерекесі құтты болсын!
Ізгі ниетпен,
Мақтаарал ауданының әкімі
Бақыт Асанов
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-maktaaral/press/news/details/1002951?lang=kk
Жауап қалдыру