Темекі шегу мен алкоголь бас пен мойын қатерлі ісігінің даму қаупін арттырады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бас және мойын қатерлі ісігі – ауыз қуысы, көмей, мұрын жолдары, сілекей бездері, қалқанша безі сияқты бас пен мойынның әртүрлі бөліктерінде пайда болатын қатерлі жаңа түзілім. Қазақстанда жыл сайын бас және мойын ісігіне шалдыққан 1700-ге жуық жаңа жағдай тіркеледі. Қалқанша безі обыры бойынша жылына 700-ге жуық жаңа жағдай анықталады.

Алматы онкологиялық орталығының онкологы Самал Тойынбекованың айтуынша, бас және мойын ісіктерінің даму қаупін едәуір арттыратын екі негізгі фактор бар – темекі мен алкоголь. Бұл екі фактор біріге әсер еткенде қауіп бірнеше есе артады.

Бұдан бөлек, басқа да қауіп факторлары бар:

— ұзақ уақыт күн сәулесінде болу (ерін мен тері обырына әкелуі мүмкін),

— адам папилломасы вирусы,

— Эпштейн-Барр вирусы (мұрын-жұтқыншақ обырына ықпал етуі мүмкін),

— улы булар мен химиялық заттармен (лак-бояу, асбест) жұмыс істеу, марихуана қолдану, радиоактивті сәулелену әсері,  дұрыс тамақтанбау және тағы басқа.

«Сондай-ақ, жақын туыстарда бас немесе мойын ісігінің болуы да қауіп факторы болып есептеледі», – дейді дәрігер.

Статистикаға сәйкес, бұл ауру ер адамдарда әйелдерге қарағанда 2–3 есе жиі кездеседі. Жас ерекшелігіне келсек, 45 жастан асқан адамдарда жиі дамиды.

Ауру белгілеріне мыналар жатады: ауыру, ісіктер,  ауыз қуысында немесе теріде жазылмайтын жаралар, жұтыну немесе тыныс алудың қиындауы, дауыс немесе сөйлеу өзгерістері, мұрынның бітелуі.

Бас және мойын қатерлі ісігін диагностикалау әдістері: биопсия, компьютерлік томография (КТ), магниттік-резонанстық томография (МРТ).

Бас және мойын қатерлі ісігін емдеу ісікті хирургиялық жолмен алып тастауды, сәулелік терапияны, химиотерапияны немесе осы әдістердің жиынтығын қамтуы мүмкін.

Бұл ауру өте қауіпті болғанымен, ерте анықтау мен уақтылы емдеу өмір сүру мүмкіндігін арттырады. Сондықтан денсаулығыңызды тексеріп, белгілер пайда болған жағдайда дәрігерге жүгіну өте маңызды.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-densaulyk/press/news/details/1026838?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді