Энергетика вице-министрі Ақмола облысының тұрғындарымен газ саласындағы реформаларды талқылады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Косшы қаласында газ инфрақұрылымын дамыту және саладағы жоспарланған реформалар мәселелеріне арналған кеңейтілген кеңес өтті. Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек өңір тұрғындарына газ саласын жаңғыртудың негізгі бағыттары мен алдағы мақсаттарын түсіндірді.

Жиынға Энергетика министрлігінің, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің, «QazaqGaz» АҚ-ның өкілдері, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың басшылығы қатысты.

Құдайберген Арымбек газ саласының тұрақты жұмыс істеуі мен ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз ету үшін кешенді тәсіл қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, елімізде газ тұтыну көлемі 62%-ға артқан, бұл өндіріс қарқынынан асып түсіп отыр, ал қолданыстағы инфрақұрылым жаңғыртуды және кеңейтуді қажет етеді.

«Саланы қолдау, инфрақұрылымды жаңарту және газ жеткізудің сенімділігін қамтамасыз ету мақсатында реформалар бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл қажетті инвестицияларды тартуға, газ желілерін жаңғыртуға және өңірлерді газдандыруды жеделдетуге мүмкіндік береді. Саланы дамытуға қатысты барлық стратегиялық шешімдер Президент жанындағы кеңесте келісілді», – деді вице-министр.

Ақмола облысы әкімінің міндетін атқарушы Елдос Рамазанов газдандырудың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Елорданың іргесіндегі өңірлерде – Косшы қаласы, Аршалы және Целиноград аудандарында «Сарыарқа» газ құбырының бірінші кезеңі белсенді жүзеге асырылуда. Бұл кезеңнің аяқталуы 2025–2026 жылдарға жоспарланған. Ал 2028 жылы басталатын екінші кезең Көкшетау қаласын және облыстың алты ауданын қамтитын болады», – деді ол.

Сондай-ақ, министрлік өкілдері шикізатты өңдеу тереңдігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін жаңа газ өңдеу зауыттарын салу жоспары туралы да бөлісті.

Кездесу соңында Құдайберген Арымбек барлық қатысушыларға сындарлы диалог үшін алғысын білдіріп, халықпен жұмыс жалғасын табатынын, барлық шешімдер ашық түрде және тұрғындардың мүддесін ескере отырып қабылданатынын жеткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/1029080?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді