
Бүгінгі таңда 80 тұрақты маршруттарда күнделікті 967 автобус жолаушыларды тасымалдауда. Қолданыстағы тариф құны – 70 теңге. Бұл еліміздегі өзге қалалардан қарағанда ең төменгі тариф. Күнделікті транзакциялар саны 250 мыңнан асады.
2024 жылдың 15 қазанынан бастап қоғамдық көліктерде қолма-қол төлем жүйесі жойылды. Енді төлемдер тек электронды әдістермен жүзеге асырылады. Олардың қатарына көлік карталары, QR-код, банк карталары, сондай-ақ NFC және Apple Pay, Google Pay, Samsung Pay арқылы төлем жасау мүмкіндіктері кіреді.
Жүргізілген талдауларға сәйкес, автобустарда төлемдердің 97%-ы электронды жүйелер арқылы жасалып келген, тек 3%-ы ғана қолма-қол ақшамен төленген. Бұл көрсеткіш жолаушылардың электронды жүйелердің тиімділігі мен ыңғайлылығын мойындағанын көрсетеді.
Аталған өзгерістер көлеңкелі ақша айналымын жоюға, қоғамдық көліктердің бекітілген уақытынан кешікпеуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, 2024 жылдың 1 мамырынан бастап қоғамдық көлікте 14 жекелеген санаттағы азаматтарға тегін жүру құқығы берілді. Бұл шешім қала тұрғындары мен ұйымдардың көптеген өтініштерін ескере отырып қабылданды.
Жалпы алғанда, жеңілдікпен 319 мың азамат қамтылды. Жеңілдік карталарын алу үшін қала аумағында арнайы 3 пункт жұмыс істейді. Сонымен қатар, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға карта әзірлеу тегін.
Бұл бастама әлеуметтік тұрғыда көмекке мұқтаж азаматтарға қолдау көрсету және қоғамдық көлік қызметтерін барынша қолжетімді ету мақсатында жүзеге асырылды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/946189

Жауап қалдыру