
Астанада әкімдік қалалық прокуратурамен бірлесіп инвесторларға арналған ашық есік күнін ұйымдастырды. Талқылаудың басты тақырыбы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру болды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов, елорда прокурорының орынбасары Болат Мизанбаев, қалалық мемлекеттік органдардың басшылары, аудан прокурорлары, аудан әкімдіктерінің, «Астана Инвест» қалалық инвестициялық даму орталығының, «Астана» даму орталығының, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, сондай-ақ бизнес-қауымдастық өкілдері қатысты.
Қатысушылар бизнес пен инвесторлардың мүдделерін қорғау, кәсіпкерлерді құқықтық қолдау, инвестициялық ахуалды жақсарту және заңды құқықтардың сақталуын қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
«Прокуратурадағы әріптестерімізбен бірге жазбаларды салыстыру, инвестициялық жобалардың орындалу барысын бағалау және шешілмеген мәселелерді ашық талқылау үшін ашық есік күнін өткізіп жатырмыз. Шағын және орта бизнес – елорда экономикасының қозғаушы күші, қаланың экономикалық белсенді тұрғындарының 70 пайыздан астамын жұмыспен қамтамасыз етеді», – деп атап өтті Евгений Глотов.
Сондай-ақ, ол өңірлік инвестициялық штабтың тиімді жұмысын атап өтті. Айтуынша, соның арқасында экономиканың сұранысқа ие салаларында 54 инвестициялық жоба іске қосылды.
Елорда прокурорының орынбасары Болат Мизанбаев прокуратураның жаңа құзыреттері аясында «Прокурорлық сүзгі» іске қосылғанына назар аударды. Қазір әр ауданның прокуратурасында тәулік бойы мобильді топ жұмыс істейді, соның арқасында маңызды инвестициялық жобаларды қолдауды қамтамасыз ету үшін прокурормен тікелей байланыс жолға қойылған.
«Бүгінгі таңда 1,6 трлн теңге инвестиция арқылы 41 түйткілді мәселені шештік. Нәтижесінде 140-тан астам инвестор қорғалды, оның ішінде 20-сы – шетелдік инвестор», – деді Болат Мизанбаев.
Іс-шара барысында 15 инвестициялық жобаға қатысты түйткілді мәселелер қаралды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/949866

Жауап қалдыру