
Елордада қала тұрғындарына жұмыс тауып беріп қана қоймай, жаңа мамандықтарды игеруге, кәсіп ашуға және табыстарын арттыруға көмектесетін JOLTAP жобасы жалғасын табуда. Бағдарламаның түлегі Мархаба Құрманова мамандығын өзгертуге көмектескен JOLTAP бағдарламасы туралы ой бөлісті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Мархаба 10 жылдан астам информатика, математика, робототехника және өзін-өзі тану пәндерінен мұғалім болып жұмыс істеген. Алайда ол ұстаздық жолды тастап, жеке кәсібін дамыту туралы шешім қабылдады.
«Мен JOLTAP туралы алғаш рет досымнан естіп, қызығушылығым артты. Кейін Instagram желісіндегі ақпаратты көргеніммен оны демалысқа қалдыруды жөн көрдім. Ол кезде мектепте істейтінмін, жұмыс кестем курсқа баруға мүмкіндік бермеді. Бірақ бір күні қызыммен серуендеп жүргенде JOLTAP оқу орталығын көріп, тағы да білуге бел будым. Ұзақ уақыт бойы жеке блог жүргізіп келемін және сол кезде маған контент және маркетинг саласында көбірек кәсіби білім қажет екенін түсіндім. Бірнеше мамандықты бірден оқуға болатынын білгенімде, қатты қуандым. JOLTAP-та мен төрт мамандықты игердім: мобилограф, SMM маманы, графикалық дизайнер және таргетолог», – дейді Мархаба.
Оның айтуынша, JOLTAP-та оқытудың ерекшелігі – тәжірибелік сабақтарға баса назар аударылуы, сонымен қатар тәжірибелі мұғалімдердің қолдауы болып саналады.
«Барлық сабақ студенттер алған білімдерін іс жүзінде бірден қолдана алатындай етіп жасалған. Мұғалімдер жай ғана теоретиктер емес, осы салада жұмыс істейтін практиктер. Бұл өте құнды, өйткені сіз тек кітаптардан ғана емес, нақты істерден де үйренесіз», – деп атап өтті ол.
Алған білімінің арқасында ол балалар мен ересектерге арналған жан-жақты дамыту академиясының жұмысын жандандырды, сонымен қатар жылжымайтын мүлік саласында каьерасын бастады, Астанада және шетелде баспана сатумен айналысты.
«Қазір менің бірнеше жобам бар, олардың барлығы маркетинг пен жарнама саласындағы білімді қажет етеді. Мен үш Instagram парақшасын және бір TikTok бетін басқарамын және JOLTAP-та алған дағдыларым бұл процесті тиімді басқаруға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді ол.
Мархаба болашақта академияның Қазақстанның басқа аймағында филиалдарын ашуды, сондай-ақ жылжымайтын мүлік саласын дамытуды жоспарлап отыр.
«Жобаны ұйымдастырушыларға, елорда тұрғындарына осындай тамаша мүмкіндіктер мен жағдайлар жасағаны үшін алғысымды білдіргім келеді. JOLTAP маған білім ғана емес, өзіме деген сенімділік берді. Кәсіппен айналысып, заманауи технологияларды пайдаланып, бірнеше бағытта дами алатыныма көзім жетті. Енді мүмкіндігімді кеңейту үшін тағы бірнеше курстан өтуді жоспарлап отырмын. Мұндай бағдарламалар басқа аймақтарда да ашылады деп сенемін», – деп түйіндеді сөзін астаналық.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/949864

Жауап қалдыру