Түркістан облысында мемлекет тарихында тұңғыш рет бір мезгілде 32 мың гектар жерге тамшылатып суғару технологиясы енгізіліп отыр. Бұл бастама мақта шаруашылығының дамуына тың серпін береді.
Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары мен кәсіпкерлер «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС аумағында егілген мақта алқабымен танысты. Заманауи агротехнологияларды енгізу арқылы өнімділікті арттырған инвестициялық жобаның тиімділігін көзбен көрді.
Аралау барысында халық қалаулылары мен кәсіпкерлерге компания өкілдері су үнемдеудің тәсілдері, тыңайтқыштарды тиімді пайдаланудың жолдары, мақта өндірісінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағыттарын айтып берді.
Қазіргі таңда су тапшылығы елімізде ғана емес, әлемдік мәселелердің бірі. Бұл бағытта Түркістан облысы су үнемдеу технологияларына кешенді көшуді жүзеге асыруда. Биыл 27 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланып, 59 мың гектар алқапқа енгізіледі. 2030 жылға дейін осы әдіспен суармалы жердің 50 пайызы қамтылмақ.
Кездесу барысында депутаттар мен кәсіпкерлер кәсіпорын басшылығымен тәжірбие алмасып, бірқатар бағыттарға тоқталып, ой-пікірлерін ортаға салды және сұрақтарына жауап алды.
Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы халықтың әлеуетін артыру үшін агроөнеркәсіптік кешенді дамуту маңызды екенін атап өтті.
«- Мемлекет басшысы аграрлық салаға ерекше көңіл бөліп, инновациялық амал-тәсілдерді енгізуді тапсырды. Облыста ауыл шаруашылығында жыл сайын 1 трлн теңгеден астам қаржының өнімі өндіріліп, республикада жетекші орында тұр. Жаңа технология есебінен өнімділік 3 есеге дейін еселенуде. Гектарына 60 центнерден өнім алуға қол жеткізіліп отыр. Мұндай игі іске біз қашанда қолдау білдіруіміз қажет. Бұл сапар тәжірбие алмасуға мол мүмкіндіктер беріп отыр.» – деді Нұралы Әлмаханұлы.
Облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков өңірде 2025-2026 жылдары толық циклді мақта-тоқыма кластерін құру көзделгенін және Қазақстанда теңдесі жоқ инвестициялық ірі жоба негізінде 4 мақта өңдеу мен толыққанды тоқыма кешені жүзеге асырылатынын айтты.
«Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Қалыйма Жантөреева кәсіпорынның жұмысын жоғары бағалап, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамту әр отбасыға қуаныш сыйлайтынын тілге тиек етті.
Жауап қалдыру