
Ұйғыр ауданында полицейлер автожолдарды патрульдеу үшін дрон аппараттарын қолдануда. Аталған шара 9–18 шілде аралығында Алматы облысы аумағында өтіп жатқан «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы аясында жүзеге асырылуда.
Дрондардың көмегімен жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы, әсіресе көрінуі шектеулі немесе көлік жүктемесі жоғары учаскелерде жедел түрде анықталып отыр.
– Әуеден патрульдеу жолдардың үлкен бөлігін қысқа мерзімде қамтуға мүмкіндік береді. Бұл қауіпті маневрлерді, қарсы бағытқа шығу және өзге де өрескел заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтауға сеп болады, – дейді полиция қызметкерлері.
Мұндай тәжірибе өз тиімділігін көрсетіп үлгерді. Әуеден бақылау барысында жол ережесін бұзған көлік жүргізушілері нақты уақыт режимінде тіркеліп, ақпарат патрульдік жасақтарға жедел жолданады.
«Қауіпсіз жол» іс-шарасы жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жүргізушілер арасындағы тәртіпті арттыруға бағытталған. Полиция қызметкерлері барлық жол қозғалысына қатысушыларды ережені сақтауға шақырып, қауіпсіздік әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын ескертеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-alm/press/news/details/1034343?lang=kk

Жауап қалдыру