
Алматы облысы полиция департаментінің жедел әрекет ету арнайы жасағының аға инспекторы, полиция майоры Айгүл Нұрмұханова ҚР ІІМ-нің қызметтік қарудан оқ ату бойынша чемпионатында үшінші орынға ие болып, өз кәсіби шеберлігін тағы да дәлелдеді. Жарыс 1-5 шілде аралығында Павлодар қаласында өтті.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген кәсіби дайындығы жоғары деңгейдегі полиция қызметкерлері қатысқан додада Айгүл өзінің мергендігі, жинақылығы мен шыдамдылығымен көзге түсті. Жоғары бәсекелестікке қарамастан, ол ондаған тәжірибелі әріптесінен оқ бойы озық шығып, үздік үштікке енді.
Айгүл Нұрмұханова үшін бұл алғашқы жетістік емес – ол жыл сайын түрлі деңгейдегі жарыстарда жүлделі орын алып, Алматы облысы полициясының абыройын асқақтатып келеді. Оның табандылығы мен кәсіби шеберлігі – құқық қорғау саласындағы әйел бейнесінің жарқын үлгісі.
Полиция департаментінде Айгүл Нұрмұханованың жетістігін ерекше атап өтті.
– Айгүл сынды қызметкерлер жас мамандарға үлгі болуға әбден лайық. Полицей болу – бұл жай мамандық емес, өмірлік ұстаным екенін дәлелдеді. Мұнда рухтың беріктігі де, нақты есеп те маңызды, – деп атап өтті ведомствода.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-alm/press/news/details/1034341?lang=kk

Жауап қалдыру