
Су ресурстары және ирригация министрлігінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың және Парламент депутаттарының қатысуымен алқа отырысы өтті. Жиын модераторы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов болды.
Алқа отырысында су ресурстары және ирригация вице-министрлері, сондай-ақ «Қазсушар» кәсіпорнының бас директоры өткен жылғы жұмыс нәтижелері және 2025 жылға жоспарланған міндеттер туралы баяндама жасады.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауымен «Бәйдібек ата» және «Қарақуыс» су қоймалары салынып жатыр. Биыл тағы 4 жаңа су қоймасының құрылысын және қолданыстағы 4 қойманы реконструкциялауды бастау жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Жетісу облысында жеке инвестиция есебінен Покатилов су қоймасын салу мәселесі пысықталуда.
2024 жылы Ақтөбе су қоймасын реконструкциялау аяқталды. Бүгінгі таңда 6 облыста 12 су қоймасын салу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуде. Сонымен қатар, биыл цифрландыру элементтерін қолдана отырып 115 каналды реконструкциялау және Астана су қоймасына қосымша су жіберуге арналған имараттың құрылысы басталады.
Министрлік Қ.Сәтбаев атындағы каналдың 19 сусорғы агрегаты мен электр жабдықтарын ауыстыру жұмысын бастап кетті. Бүгінгі таңда 17 трансформаторды жеткізуге келісімшарт жасалды, 9 бірлік жиынтықтаушы жабдық сатып алынды. Бұдан бөлек, «Қазсушар» филиалдарының материалдық-техникалық базасын жаңарту мақсатында Үкіметтің қолдауымен 757 бірлік арнайы техника мен көлік құралдарын сатып алу басталды. Бүгінге «Қазсушар» филиалдарына 150 бірлік арнайы техника таратылды, сонымен қатар инвестициялық бағдарлама аясында қосымша 23 бірлік техника сатып алынды.
2024 жылы 84 гидротехникалық нысанға көп факторлы зерттеу жүргізілді. Биыл 105 коммуналдық және 29 республикалық нысанды зерттеу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, еліміздің 16 өңірінде коммуналдық меншіктегі гидротехникалық құрылысжайларды пайдалануға жауапты мамандандырылған ұйымдар құрылды. Олардың балансына 809 нысан қабылданды.
Су ресурстары және ирригация министрлігі жыл соңына дейін топтық су құбырын салу бойынша 12 жобаны аяқтауға ниетті. Бұл 423 мың тұрғыны бар 153 ауылды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 52 елді мекен орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылатын болады. Бүгінгі таңда Ақтөбе облысындағы «Көкжиде» жерасты суы орнынан Атырау және Маңғыстау облыстарының елді мекендеріне дейін топтық су құбырын салу мүмкіндігі пысықталып жатыр.
2024 жылы 158 мың гектар жерде жаңбырлатып және тамшылатып суару, лазерлік тегістеу әдістері қолданылды. Бұл 30%-ға дейін су үнемдеуге мүмкіндік берді. Су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру мақсатында үнемді жүйелерді пайдаланатын шаруалар үшін суармалы суға субсидиялар тарифке байланысты 85%-ға дейін өсті.
Министрлік Парламент Мәжілісі қабылдап, Сенатқа жолдаған жаңа Су кодексінің жобасын әзірледі. Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту Тұжырымдамасына су тасқынына қарсы іс-қимыл, кадрлық әлеуетті және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі іс-шаралар енгізілді. Елімізде «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі құрылды, Франциямен Балқаш көлі бассейніне зерттеу жүргізу туралы келісімге қол жеткізілді.
Бүгінгі таңда Су ресурстары және ирригация министрлігі су саласы мамандарының еңбекақысын 50%-ға дейін ұлғайту үшін жұмыс жасауда. Ведомство сушылардың айлығын электр және жылу энергетикасы салалары қызметкерлерінің жалақысы деңгейіне дейін сәйкестендіруге ниетті. Биыл мыңнан астам су шаруашылығы маманы біліктілік арттыру курстарынан өтеді, оның 105–і Қытайда тәжірибе шыңдайды.
Судың «қара нарығымен» күресу мақсатында министрлікте Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті құрылып, су инспекторларының саны 98-ден 210 адамға дейін ұлғайды. Былтыр суды заңсыз пайдалану фактісі бойынша 268 әкімшілік іс қозғалып, құқық бұзушылар жауапқа тартылды.
Бүгінгі таңда су тасқынын болжау және модельдеуге арналған Tasqyn жүйесі өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Бассейндік инспекциялар мен «Қазсушар» филиалдарының қызметкерлері күн сайын жүйеге өзекті деректерді енгізеді. Су шаруашылығын басқаруды цифрландыру және суды пайдалану тиімділігін арттыру үшін су ресурстарының Ұлттық ақпараттық жүйесі әзірленуде.
Қызылорда облысында су бекеттерін реконструкциялау және жалпы ұзындығы 232 шақырым болатын 5 каналда суды есепке алудың автоматтандырылған жүйесін орнату жобасы іске асырылуда. Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 2600 шақырымнан асатын 16 магистральдық және шаруашылықаралық каналдарды автоматтандыру үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Түркістан облысында Қызылқұм магистральдық каналын автоматтандыру жоспарланып отыр.
Өткен жылы «Қазсушар» кәсіпорны 447 гидротехникалық құрылысқа жөндеу жүргізді. Биыл 517 нысанды жөндеу жоспарланып отыр. Су тасқынына дайындық аясында еліміздің су қоймаларында тасқын суын қабылдау үшін бос орындар әзірленді.
Министрлік өткен суару маусымында еліміздің оңтүстігіндегі шаруаларды суармалы сумен толық қамтамасыз етті. Жалпы алғанда, су пайдаланушылар 11,7 млрд текше метр су алды. Өзбекстанмен келісім нәтижесінде 2025 жылдың қазанына дейін Сырдария өзені бойынша Шардара су қоймасына 16 млрд текше метр су келеді деп күтілуде.
«Министрлік барлық басым бағыттар бойынша белсенді жұмысын одан әрі жалғастырады. Біз Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасын әзірлеп, 2030 жылдың соңына дейін қол жеткізгіміз келетін нысаналы индикаторларды белгіледік. Барлық жобаларды іске асыру нәтижесінде біз су шығынын 50%-дан 35%-ға дейін азайтуды, су үнемдеу технологияларын енгізе отырып, суару алаңдарын 1 млн гектарға дейін ұлғайтуды және шамамен 10 млрд текше метр суды үнемдеуді жоспарлап отырмыз»,- деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/952600

Жауап қалдыру