
Сырым ауданында «Сайлау процесіне қатысушылармен тиімді байланыс» тақырыбында облыстық семинар-кеңес өтті. Іс-шара Қ.Мырзалиев атындағы жалпы орта білім беретін мектептің мәжіліс залында ұйымдастырылды. Семинарға облыс аумағындағы сайлау комиссияларының мүшелері, мемлекеттік қызметкерлер мен БАҚ өкілдері қатысты.
Семинар бағдарламасы ауқымды екі блоктан тұрды.
Семинардың бірінші бөлімі сайлау инфрақұрылымы, сайлаушылар тізімін нақтылау, дауыс беру күнін ұйымдастыру сынды негізгі техникалық және құқықтық мәселелерді қамтыды.
БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов
Алғашқы жартыжылдықтың қорытындысын шығарып, облыстағы кәсіби негізде тұрақты түрде жұмыс істейтін комиссия мүшелерінің басын қосып отырмыз. Бұл — біздің аудандардағы алғашқы бастамаларымыздың бірі. Биыл бізде 48 ауылдық округ әкімдері сайлауы жоспарланса, соның бүгінге дейін 38-і өткізілді. Өткізілген сайлаулардың барысындағы жіберліген кемшіліктер кеңінен талқыланып жатыр. Түрлі ұсыныстар ортаға салынуда. Сол ұсыныстарды орталық сайлау комиссиясына жолдайтын боламыз. Сайлау процесін құқықтық, ақпараттық сүйемелдеу, ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету мәселелері де семинардың екінші бөлімінде қамтылады,-деп, ауылдық округ әкімдері сайлауларының қорытындысын баяндады.
БҚО аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Мағрипа Нигишева сайлау заңнамасына енгізілетін өзгерістер мен құқықтық мәселелерге тоқталды.
Орал қалалық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Нариман Мұстиев комиссия мүшелеріне құқықтық сүйемелдеу бойынша әдістемелік көмек түрлерін түсіндірді.
Сондай-ақ, сайлауалды дайындық кезінде электоралдық оқытудың маңыздылығы мен тәжірибелік кейстер бойынша пікір алмасу өтті. Бұл бағыттағы жұмысқа Сырым аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Мейірбек Хасанов жетекшілік етті.
Түскі үзілістен кейінгі екінші бөлімде, ақпараттық сүйемелдеу және әлеуметтік желілермен жұмыс істеу тәжірибесіне баса назар аударылды. Бұл жөнінде сөз сөйлеген Асланбек Ғұбашев:
Сұрау салуға жауап, егер сұрау салудың өзінде өзгеше көрсетілмесе, ол келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде, келіп түскен сұрау салу нысанында және тілінде ұсынылады.
БАҚ берілген ресми хабарларды түсіндіру жөніндегі жазбаша сұрау салуына ақпарат иеленуші сұрау салу тіркелген күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей жауап ұсынуға не оны ұсыну мерзімін немесе уәжді бас тартуды көрсете отырып жауап беруге міндетті.
Ақпарат иеленушісінің басшысы қосымша зерделеу мен тексеруді талап ететін, берілген ресми хабарларды түсіндіру жөніндегі жазбаша сұрау салуды қарау мерзімін күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімге бір рет ұзартуы мүмкін, ол жөнінде БАҚ екі жұмыс күні ішінде хабар беріледі,- деді.
Сырым аудандық сайлау комиссиясы атынан Гүлнұр Кадирова да осы мәселені тарқатып, өз тәжірибесімен бөлісті.
Сандық технологияны сайлау процесіне енгізу мақсатында RAKURS 1.0 бағдарламасы таныстырылып, оны белгілі мобилограф Джангирхан Сансызбай қатысушыларға оның мүмкіндіктерін көрсетті. Авторлық дәрісімен семинарға қатысушылардың контент жасауда практикалық машықтанып, Әділ Жоламанов оның тренингтерін әрі қарай жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Семинар аясында қатысушылар Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі мен Алаш музейіне экскурсия жасап, өңірдің тарихи-мәдени мұрасымен де танысты. Мұнда қатысушылар видео түсіріп, контент жасауды үйренді.
Семинар соңында облыс көлемінде өтетін байқаудың ережелері таныстырылып, қатысушылар тест тапсырып, білімдерін бекітті.
Кешкі уақытта семинар жұмысы қорытындыланып, Әділ Жоламанов ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғысын білдірді.
Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-syrym/press/news/details/1037501?lang=kk

Жауап қалдыру