
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы наркологиялық құрылымның жұмысын бағалады
Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек жұмыс сапары аясында Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығының наркологиялық корпусында болды.
Тәулік бойы қызмет көрсететін стационарда жалпы сыйымдылығы 180 төсек-орынға есептелген бес бөлімше жұмыс істейді.
Сапар барысында Сержан Назарбек пациенттердің жағдайымен танысып, бөлімшелерді аралады. Ерекше назар психобелсенді заттарды тұтынуға байланысты жағдайларды анықтайтын зертханалық қызметтің жұмысына аударылды.
Уақтылы жүргізілетін зертханалық және аспаптық тексерулер нақты диагноз қоюға, детоксикация және кейінгі емдеу тактикасын жедел айқындауға мүмкіндік береді.
Уақытша бейімделу және детоксикация орталығына барған кезде басқарма басшысы пациенттерді улану жағдайынан шығару, ерте қолдау көрсету және одан арғы емге дайындау кезеңінің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, ол пациенттердің қазіргі жағдайын қанағаттанарлықсыз деп бағалап, мекемедегі жағдайды шұғыл жақсарту қажет екенін айтты.
Осыған байланысты Сержан Назарбек наркологиялық корпустың инфрақұрылымын жаңғыртуды ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтап, анықталған барлық кемшіліктерді жою туралы нақты тапсырма берді.
Ресми сапар барысында халық, әсіресе осал топтар арасында профилактикалық жұмысты күшейту мәселесі де көтерілді.
Басқарма басшысы нашақорлықтың, лудомания мен суицидтік мінез-құлықтың алдын алу шараларын күшейту қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, тиімді профилактика мен сапалы ем, кешенді оңалту тәуелділікпен күрестің негізгі тетігі болып саналады.
Сапар қорытындысы бойынша наркологиялық қызметті дамыту, пациенттердің жағдайын жақсарту және медициналық-әлеуметтік көмектің сапасын арттыру бағытында нақты қадамдар белгіленді.
Орталықтың бас дәрігері Серік Жетібаевқа орындалу мерзімі көрсетілген тапсырмалар берілді. Олардың орындалуы облыстық денсаулық сақтау басқармасының жіті бақылауында болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-densaulyk/press/news/details/1044010?lang=kk
Жауап қалдыру