
Ақтөбе облысының экономикасында тау-кен өнеркәсібі жетекші орын алады. 2025 жылдың І жартыжылдығында облыстың өнеркәсіптік өндіріс көлемі 1,3 трлн теңгеге жетіп, оның 734 млрд теңгесі немесе 53 пайызы кен өндіру саласының үлесіне тиді. Бұл – өңірдің индустриялық әлеуетінің айқын көрсеткіші.
Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, биылғы алты айда тау-кен өндірісіндегі өсім 101,5 пайызды құрады. Алдағы уақытта кен өндіру саласында жалпы құны 559 млрд теңгеге тең төрт ірі инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Бұл жобалар өңір экономикасын әртараптандырумен қатар, 1600-ден астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, «Болашақ» шахтасының екінші кезеңі іске қосылып, жылына 1,6 млн тонна хром рудасы өндіріледі. Жоба құны – 65 млрд теңге. Сонымен бірге, «Kaz Geo Rud» компаниясы 280 млрд теңге инвестиция салып, «Лиманное» кен орнында жылына 1,2 млн тонна мыс рудасын игеруді жоспарлап отыр. Бұған қоса, «Altyn Ex Production» компаниясы «Юбилейное» кен орнында 207 млрд теңгеге тау-кен, металлургиялық комбинат салуды қолға алса, «West Gold Mining Limited» компаниясы «Қоскөл-1» кен орнында 7 млрд теңгеге алтын байыту фабрикасын тұрғызбақ. Оның жылдық қуаты – 300 мың тонна.
Басқарманың мәліметінше, бұл жобалар тек өндірістік көлемді арттырып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да зор серпін береді. Жаңа кәсіпорындар жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, салық түсімдерін ұлғайтады және инфрақұрылымның дамуына ықпал етеді.
Сондықтан кен өндіру саласын дамыту Ақтөбе облысы үшін стратегиялық маңызға ие болып қала бермек.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1044494?lang=kk
Жауап қалдыру