
Келес ауданына қарасты Бозай ауылдық округінің әкімі Марат Қошуақов ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстар туралы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары алдында есеп берді. Брифингте округтің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері, орындалған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде кеңінен ақпарат берілді.
Бозай ауылдық округі 1994 жылы құрылған. Қазіргі таңда округ аумағында Бозай, Тентексай, Тартоғай және Шолантөбе елді мекендері орналасқан. Жалпы жер көлемі — 65 962 гектар.
Ауыл шаруашылығы саласы тұрақты даму үстінде. Ауылдық округ бойынша 4 650 бас ірі қара, 68 837 ұсақ мал және 1 864 жылқы тіркелген. Егістік жер көлемі 840 гектарды құрап, «Береке-Бозай» және «Әбіл» шаруа қожалықтары бақша және бидай дақылдарын еккен. Сондай-ақ, 40 гектар суармалы жер мен 67 мың гектар жайылымдық жер тиімді пайдаланылуда.
Өткен жылы №59 Б.Момышұлы атындағы мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары басталып, оған 126 млн теңге бөлінді. Бозай және Тентексай елді мекендерінде үйме-үй ауыз су жүйесі іске қосылған. Бұл округ халқының 94 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Тартоғайда модульдік су тазарту құрылғысы орнатылған, ал Шолантөбе ауылы су тасымалдау арқылы қамтылуда.
Округтегі 14 көшенің 9-на тас жол төселіп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Келесі кезеңдерде барлық көшелерді қамту көзделуде. Ауыл әкімінің мәліметінше есепті мерзімде округте ешқандай қылмыс тіркелмеген. 6 азаматтың өтініштері уақытында қаралып, жауап берілген.
Брифинг соңында журналистер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, әкім тарапынан нақты жауаптар алды. Округ басшысы алдағы уақытта да тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасын табатынын жеткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1044721?lang=kk
Жауап қалдыру