
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде өрт қаупі жоғары кезеңінің өту барысы және табиғи өрттердің алдын алу шаралары қаралды.
Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Айбат Жанабергенов өңірдегі өрт қауіпті маусымның негізгі көрсеткіштерімен таныстырды. Оның айтуынша, биыл облыс аумағында орман өрті, дала өрті және 1960 гектар аумақты шарпыған 48 құрғақ шөп жануы тіркелген.
Өңірде өрттермен күреске азаматтық қорғау күштері мен құралдары жұмылдырылған: 657 техника, 5 өрт пойызы және 3 329 қызметкер, сондай-ақ 1 912 адамнан тұратын 14 ерікті өртке қарсы құрылым бар. Дала өрттерінің алдын алу және сөндіру шараларына 993 млн теңге бөлінген, бұл былтырғымен салыстырғанда 5,5%-ға көп.
«2025 жылы «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында Мәртөк, Әлімбет, Сарат және Алтай батыр елді мекендерінде төрт жаңа өрт сөндіру бекеті құрылды. Қазіргі уақытта облыста осындай 80 бекет жұмыс істейді, олар 129 мыңға жуық тұрғыны бар 208 ауылды қамтиды. Бекітілген жоспарға сәйкес, 2028 жылдың соңына дейін тағы 26 өрт сөндіру бекетін ашу жоспарланып отыр. Бұл өңірдегі барлық елді мекендерді 100% өрт қауіпсіздігімен қамтуға мүмкіндік береді», — деді Айбат Жанабергенов.
Биыл департаменттің материалдық-техникалық базасы 14 арнайы өрт сөндіру көлігі және 8 қызметтік көлікпен толықты. Бұл ерікті құрылымдардың жарақтандырылу деңгейін 90%-ға дейін, ал өрт бекеттерінің техникалық жабдықталуын 66%-дан 80%-ға дейін жеткізді.
Халықтың ақпараттану деңгейін арттыру мақсатында ауқымды профилактикалық жұмыс жүргізілді: бұқаралық ақпарат құралдары мен телерадио бағдарламаларда 200-ден астам материал жарияланды, SMS-хабарламалар таратылды, сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы белсенді байланыс орнатылды.
Сонымен қатар, құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 38 мобильді топ құрылып, олар 603 рейд жүргізген. Нәтижесінде 726 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның 184-іне 5,2 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Жиын қорытындысы бойынша Асхат Шахаров табиғи өрттермен күресті күшейтуге бағытталған бірқатар тапсырма берді. Ол жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар департаменті арасындағы өзара іс-қимылды жандандыруды, еріктілерді, соның ішінде көршілес аудандардан тарту арқылы өртті сөндіру жұмыстарын күшейтуді, ауылдық елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін техникалық жабдықтау арқылы одан әрі құруды, өрт сөндіруші бөлімшелер арасындағы жедел байланысты жақсарту үшін цифрлық радиостанцияларды сатып алу мәселесін қарауды, демалыс орындары мен орманды жерлерде патрульдеуді арттыруды тапсырды.
Асхат Шахаров өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықты қорғау жұмыстары облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында болатынын атап өтті. Бұл қабылданған шаралардың тиімділігін арттырып, табиғи өрттердің туындау қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1045217?lang=kk
Жауап қалдыру