
Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Ақтөбе облысында «Талап, еңбек, терең ой» атты мәдени-ағартушылық байқау өтті. Іс-шараға өңірдегі түрлі этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Байқау Ақтөбе қаласында ұйымдастырылды.
Байқау қорытындысы бойынша ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшісі ефрейтор Анатолий Галкин жүлделі екінші орынды иеленді. Ол Абайдың шығармаларын қазақ тілінде мәнерлеп оқып, терең мазмұны мен философиясын жете түсінетінін көрсетті.
Қазылар алқасы ұландықтың мемлекеттік тілді еркін меңгеруін және ақын мұрасына жасаған талдауын ерекше атап өтті. Ефрейтор Галкинің өнер көрсетуі – этносаралық татулықтың, азаматтық кемелдіктің және Қазақстанның рухани құндылықтарына деген құрметтің айқын көрінісі болды.
— Абай мұрасы — барлық буынға арналған сарқылмас рухани қазына. Оның идеялары – тәртіпке, адамгершілікке және өзін-өзі дамытуға ұмтылған әрбір жанға жақын. Қазақ тілін үйренуім – азаматтық бірегейлікті нығайтуға қосқан жеке үлесім деп білемін, — деді Анатолий Галкин.
Байқау Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы қоғамдық бірлестіктердің қолдауымен ұйымдастырылды.
Мұндай бастамалар мемлекеттік тіл саясатын іске асыруға, этносаралық диалог мәдениетін дамытуға және жалпыұлттық бірлікті нығайтуға өз септігін тигізеді.
#АБАЙКҮНІ
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1045644?lang=kk
Жауап қалдыру