Үздік полиция қызметкерлері анықталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

     Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге қатысты: – Учаскелік инспекторлардың әлеуетін одан әрі нығайту қажет. Себебі, олар іс жүзінде мемлекет пен қоғам арасындағы дәнекер саналады. Әсіресе, бұл ауылдық жерлерде анық байқалады. Өйткені жергілікті тұрғындар үшін учаскелік инспектор-қорғаушы, құқықтық кеңесші, тіпті әділдік сұрап жүгінетін соңғы инстанция,-деген болатын.

    Құқық қорғау саласы өкілдерінің білімі, біліктілігі мен физикалық әлеуетін байқау мақсатында аудандық полиция бөлімі қызметкерлері арасында «Үздік полиция инспекторы» және «Үздік кәмелетке толмағандар істері жөніндегі  ювеналдық  полиция  инспекторы»  конкурсы өтті.

    Байқауға қала мен ауылдық округтерден 14 қызметкер қатысып, өзара мықтыны анықтады.  Жарыс жолына шыққан 14 үміткер алдымен орталық стадионда 100 метрге және 1000 метрге жүгіруден, кермеге тартылудан бәсекеге түсті. Одан соң атыс полигонына барып, тапаншамен нысана көздеуден өзара мықтыны анықтады. Конкурстың келесі кезеңінде полиция қызметкерлері А.Байтұрсынұлы атындағы гимназияда  құқық негіздерінен тест тапсырды. Жалпы байқауға қатысушылардың қарымы мен қайратын, біліктілігі мен қабілетін мекеме басшыларынан құрылған арнайы комиссия өкілдері бағалады. Байқаудың төртінші, яғни шешуші кезеңі Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында өтті. Мұнда әр қатысушының жеке басы деректері мен қызмет бабына байланысты түсірілген видео роликтер көрсетті.

      Конкурс қорытындысы бойынша үздік  учаскелік полиция инспекторына  Бекмұрат Кенжебек лайық деп танылса, 2-орынды Жанболат Шойбеков иеленді. Ал үздік үштікті Ерік Айділдаев түйіндеді. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі үздік  ювеналды полиция инспекторы арасынан  Мұхаммедали Құралбаев жеңімпаз атанса, 2-3 орындарды Бағлан Алтай мен Бурхан Аманов өзара бөлісті. Үздіктер қатарынан көрінген полиция қызметкерлеріне дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

    Байқаудың жеңімпаздары облыс көлемінде өтетін бәсекеде аудан намысын қорғайтын болады.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-talas/press/news/details/1045984?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді