МАҚТААРАЛДА ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
2025 жылғы 8 тамызда Мақтаарал ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында құқық қорғау органдары және аудандық мемлекеттік мекемелердің қатысуымен ведомствоаралық мәжіліс өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Н.Саттаров пен аудан прокурорының міндетін атқарушы Д.Романов төрағалық еткен жиынға аудандық полиция бөлімінің, төтенше жағдайлар бөлімінің басшылары, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары мен аудан прокуратурасының қызметкерлері қатысты.
Күн тәртібінде үш өзекті мәселе қаралды. Бірінші мәселе – құқық бұзушылықтың алдын алу шараларының тиімділігі бойынша Мақтаарал аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Н.Елшібаев баяндама жасап, ауданда атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы мәлімет берді. Ол өз сөзінде құқық бұзушылықты болдырмау үшін жергілікті билікпен және қоғамдық ұйымдармен бірлескен әрекеттердің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, отбасылық тәрбиені күшейту, этносаралық келісімді нығайту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.
Мақта алқаптарына ағын су жеткізу мәселесі бойынша ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Баязит Әлімқұл сөз сөйледі. Ол аудандағы су тапшылығы жағдайында ағын суды тиімді бөлу, каналдар мен су жүйелерін күтіп ұстау, сондай-ақ мақта егістіктерін сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен баяндады. Сонымен қатар, шаруалармен тығыз жұмыс жүргізіліп жатқаны және ағын су тапшылығын азайту бойынша нақты шаралар қолға алынғанын атап өтті. Оның ішінде күріш дақылына ағын су беру тоқтатылып, вегетация науқанын тиімді ұйымдастыру үшін мақта алқаптарына кезекпен су беріліп жатқанын, ол үшін арнайы жұмысшы топ құрылып, рейдтік шаралар өтіп жатқанын тілге тиек етті.
Үшінші мәселе – шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары бойынша аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы А.Жакияев баяндап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су айдындарындағы тәртіп пен қайғылы оқиғалардың алдын алу шаралары туралы ақпарат берді.
Мәжіліс қорытындысы бойынша жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, әрбір көтерілген мәселе бойынша бақылау күшейтілетіні атап өтілді. Ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту арқылы құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және басқа да түрлі мәселелерді шешу мақсат етілді.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-maktaaral/press/news/details/1048150?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді