Тамыз конференциясы-2025: «Ауыл мектебі – сапа алаңы» панельдік секциясы өтуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Республикалық тамыз конференциясы аясында «Ауыл мектебі – сапа алаңы» тақырыбындағы №16 панельдік секция жұмысы басталды. Іс-шара Ақмола облысы Ақмол ауылының мектеп-гимназиясында өтуде. Секцияны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА «Еsen Foundation» және «Qulynzhon» Bilim beru qory қолдауымен өткізді.

Секция жұмысына еліміздің әр өңірінен ауыл және шағын жинақты мектеп директорлары, педагогтер, әдіскерлер, білім беру ұйымдарының өкілдері және сарапшылар қатысты. Қатысушылар ауыл мектептерін дамыту, әдістемелік қолдау, инклюзияны енгізу, білім сапасын арттыру, цифрландыру, инновациялық тәсілдерді қолдану бағыттарында тәжірибе алмасты.

Секция барысында ауыл мектептерін дамытуға арналған өзекті тақырыптар талқыланды. Қатысушылар «Ауыл мектебі – сапа алаңы» тұжырымдамасының ғылыми-әдістемелік негіздері мен алғашқы нәтижелері, эксперименттік алаңдар құру тәжірибесі, инклюзивті білім беру ортасын дамыту, Microsoft Teams негізінде оқу процесін цифрландыру, жасанды интеллектіні оқытуда қолдану, сондай-ақ физика мен робототехниканы кіріктіре оқытудың тиімділігі жайлы тәжірибелерімен бөлісті.

Екінші сессия – «Aul•Ed» жобасы аясында ауыл мектептерін жаңа серпінмен дамыту форматына арналды. Қатысушылар 5 интерактивті секцияда тәжірибе алмасып, кәсіби қауымдастық құру, ауыл кітапханаларын қолдау, мектепті тиімді басқару, білімге тең қолжетімділік және экологиялық ойлауды дамыту тақырыптарын талқылады.

«Ауыл мектебі – сапа алаңы» бастамасы – ауыл және шағын жинақты мектептердің білім сапасын арттыруға бағытталған жоба. Ол ауыл мектептерін заманауи білім беру ортасымен, STEM-кабинеттерімен, шығармашылық шеберханалармен және цифрлық құралдармен жабдықтауды көздейді. Бағдарлама аясында педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, инновациялық әдістемелер енгізу және оқушыларға білімге тең қолжетімділік жасау басты мақсат болып табылады. Жоба ауылдық білім беру сапасын жүйелі жақсартуға, оқушылардың әлеуетін толық ашуға және жергілікті қоғамдастықты дамытуға ықпал етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/1050794?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді