
200-ге жуық мектеп басшысы Осакаровкада өткен NIS тамыз саммитінде ауыл мектептерінің болашағын талқылады
Бүгін Қарағанды облысы Осакаров ауылындағы Әлихан Бөкейхан атындағы тірек мектеп дәстүрлі республикалық тамыз саммитінің басты орталығына айналып, ауыл мектептерінің өркендеу бағытын айқындады.
«Ауыл мектебі: тең мүмкіндіктер жолында» секциялық отырысы еліміздің түкпір-түкпірінен келген 200-ге жуық тірек мектеп басшысын, ауыл мектептерін дамытуға атсалысып жүрген ұйым өкілдері мен педагогтерді бір алаңға тоғыстырды. Шараға сондай-ақ 4 мыңнан астам мұғалім онлайн қосылды.
Алғаш рет ауыл мектебінде өткен бұл бастама «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ тарапынан ұйымдастырылып, ауылдық білім ордаларына жаңа серпін берді.
Шараның ашылуында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Лаззат Чинкисбаева, Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма Төрағасы Әнуар Жанғозин сөз алды.
NIS Басқарма Төрағасы Әнуар Қанатұлы ауыл мектептерін қолдау – ұйым қызметінің басты стратегиялық бағыттарының бірі екенін және бұл бастаманың ұлттық білім беру жүйесі үшін маңызын айшықтап берді:
– Жоба ауыл балаларының сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз етіп қана қоймай, ұстаздардың кәсіби дамуына да серпін берді. Біз мұғалімдермен бірлесе отырып, олардың қажеттіліктеріне сай әдістемелік және тәжірибелік қолдауды жалғастырамыз. Сондай-ақ Lesson Study – сабақты зерттеу мәдениетін дамытуға, оқушылардың әл-ауқатын арттыруға, тірек мектептер арасында ынтымақтастық орнатуға және NIS тәжірибесін оқу-ағарту жүйесіне әрі де енгізуге және таратуға басымдық береміз.
Айта кетейік, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы ауыл мектептерін қолдау және озық тәжірибені тарату жұмыстарын 2019 жылдан бері жүйелі түрде жүргізіп келеді. 2022 жылдан бастап ұйым «Қазақстан халқына» қоры және Білім беру саласын тұрақты дамыту қорымен бірлесіп, «Ауылдық аймақтағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» қайырымдылық жобасын сәтті іске асыруда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-osakarovka/press/news/details/1051618?lang=kk
Жауап қалдыру