
Тоғанас ауылында ұлттық рухты ұлықтаған, салт-дәстүрді дәріптеген ерекше бір шара – «Ұлттық құндылықтар – жастардың темір қазығы» атты аудандық эстафеталық сайыс өтті. Сырым ауданы әкімінің қолдауымен, Сырым жастары қоғамдық бірлестігі, аудандық жастар ресурстық орталығы, «Қайсар» спорт клубы және аудандық демалыс орталығының бірлесе ұйымдастыруымен өткен бұл игі бастама – Халықаралық жастар күніне арналған.
Ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов:
– Жастар – ел болашағы ғана емес, бүгінгі ел тірегі. Бүгінгі сайыс – дәстүрімізді, тарихымызды, ұлттық болмысымызды бүгінгі буынның бойына сіңіру жолындағы нақты қадам. Осындай рухани шаралар арқылы жастарымыздың санасы сергек, рухы биік боларына сенемін. Ұлттық құндылық – ұлттың жаны. Сол жанды сақтайтын да – сіздер, жастар! – деп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Аралтөбе, Алғабас, Бұлан, Жетікөл, Тоғанас, Қособа, Тасқұдық ауылдарынан келген жас буын түрлі номинацияларда бақтарын сынады. Табан тартыс пен арқан тарту, қымыз ішу, самаурын қайнату, жүн түту, мәнерлеп оқу мен ат ерттеу секілді халқымыздың бай руханиятын қамтыған сайыстар көрерменнің де, қазылардың да ықыласына бөленді.
Нәтижесінде:
– Ең жас қатысушы – Серік Бекзат
– Ат ерттеуден жеңімпаз– Әмина Мұхтарқызы;
– Көрермен көзайымы – Тасқұдық ауылы ;
– Аудан әкімінің арнайы жүлдесі– Бұлан ауылы;
– III орын – Тоғанас ауылы;
– II орын– Аралтөбе ауылы;
– I орын – Қособа ауылы иеленді.
Жетікөл мен Алғабас ауылдарының жастары «Жігері үшін» номинациясымен марапатталды.
Бұл сайыс – ұмыт бола бастаған дәстүрлерімізге жан бітіріп, ұлттық рухты жас ұрпақтың жүрегіне дарытқан тағылымды шара болды.
“СЫРЫМ ЕЛІ”

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-syrym/press/news/details/1052137?lang=kk
Жауап қалдыру