Тырысқақтың алдын алу

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Тырысқақ – аса қауіпті инфекциялық аурулардың қатарына жататын, адамның жіті инфекциялық ауруы. Инфекцияның берілу механизмі фекальды-оральді жолмен жүреді. Бұл ауру тырысқақ вибрионының әсерінен ағзада су-тұз алмасуының бұзылуымен сипатталады. Тырысқақ эпидемиялық түрде таралып, клиникалық формалары әртүрлі болады: симптомсыз түрінен бастап ауыр түріне дейін. Ауыр түрі уақтылы және тиісті ем болмаса, өлімге әкелуі мүмкін.

 

Таралу жолдары. Тырысқақ – ішек инфекциясына жататын ауру, оның таралуы су, тағам және тұрмыстық жолдар арқылы жүреді.

 

Клиникасы. Тырысқақтың инкубациялық кезеңі бірнеше сағаттан 5 күнге дейін созылады, көбінесе 2 – 3 күн шамасында болады. Профилактикалық мақсатта антибиотиктер қабылдаған жағдайда да, кейде инкубациялық кезең 9 – 10 күнге дейін ұзарады. Тырысқақпен ауырған науқастарда ең алдымен диарея пайда болады, одан кейін қалтырау, әлсіздік, бас айналу байқалады. Кейде дене температурасы 38 °C – қа дейін көтерілуі мүмкін.

 

Тырысқаққа шалдыққан адамдар күніне 3 – тен 10 ретке дейін су сияқты сұйық нәжіс шығарады, кейде құсу қосылады. Ауыр жағдайларда нәжіс сулы болып, күніне 3 – тен 20 ретке дейін жиі болады, құсу да жиіленеді. Бұл кезде организм сусыздана бастайды. Науқаста бұлшықет әлсіздігі, бас айналу, әлсіздік байқалып, жүрек соғысы жиілейді, қан қысымы төмендейді.

 

Өте ауыр жағдайларда күніне 20 ретке дейін нәжіс жиілігі және қатты құсу байқалады. Әлсіздік күшейіп, үнемі қатты шөлдеу пайда болады, бет әлпеті өзгереді, көз алмалары ашаюы байқалады. Дене температурасы төмендейді. Қан айналымы бұзылып, тері суық болады. Бұлшықеттер тырысып, тартылып қалады.

 

Тырысқақтың алдын алу шаралары. Туристер тырысқақ ауруы кең таралған аймақтарға барғанда өте сақ болуы керек. Инфекцияның негізгі көздері – тырысқақ вибрионын тасымалдайтын шыбындар, ластанған ауыз су, ластанған қолдар және ластанған тағам өнімдері. Кейде жұқтырған адамдарда аурудың белгілері байқалмайды, олар сау болып көрінсе де, инфекцияны таратуы мүмкін.

 

Индонезия, Малайзия, Филиппин, Бірма, Таиланд, Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан сияқты елдерге барған туристер тырысқақтың алдын алу шараларын мұқият ұстануы қажет. Ас үйді таза ұстау, ішетін суды қайнату, шыбындарды жою және ыдыстарды жақсылап жуу маңызды.

 

Тырысқақ пен басқа да ішек инфекцияларының алдын алу шараларын сақтау – өзіңізді және айналаңыздағы адамдарды инфекциядан қорғаудың ең сенімді жолы болып табылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-almaty/press/news/details/1050520?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді