Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түлкібас ауданына жұмыс сапары барысында коммуналдық сала қызметкерлеріне техникалар табыстады. Бұл арнайы техникалар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тазалық жұмыстарына бағытталады.
Облыс әкімі сала қызметкерлерінің атқарып жатқан жұмыстарына алғыс білдіріп, техника кілттерін табыстады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» бағдарламасы қарқынды іске асырылып жатыр. Бұл – қоршаған ортаны қорғауға, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды бастама. Аталған бағдарлама аясында облысымыздың аудан, қала тұрғындары белсенділік танытып, тазалық жұмыстарына жанашырлықпен атсалысуда. Баршаңызға осы ортақ іске қосқан үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Президентіміз айтқандай, «Таза Қазақстан» – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз». Қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналу қажет. Тазалық жұмыстарын одан әрі жетілдіру мақсатында облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, бүгін коммуналдық қызметке жаңа техникалардың кілтін тапсырудамыз. Бұл техникалар өңіріміздің таза, көрікті, жайлы болуына зор үлес қосады деп сенеміз. Сіздердің ел мүддесі жолындағы еңбектеріңіз әрдайым табысты болсын! Отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! – деді Нұралхан Көшеров.
Облыстық бюджеттен 305,0 млн теңге қаржы бөлініп, тазалық мекемесіне 15 трактор тіркемесімен, 3 жүк тиегіш тапсырылды. Сонымен қатар қар тазалағыш құрылғылар мен жол сыпыруға арналған техникалар берілді. Алдағы уақытта қосымша 15 үш дөңгелекті техникалық көлік (трицикл) сатып алу жоспарланған.
Жалпы, соңғы екі жылда Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында коммуналдық салаға жүздеген арнайы техника сатып алынды. Бұл – тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты қолдау. Жаңа техникалар тек аудан орталықтарында ғана емес, ауылдық округтердің де санитарлық тазалығын қамтамасыз етуге пайдаланылады. Бұл жұмыс жүйелі түрде жалғаса береді.
Жауап қалдыру