ШҚО-да архив ісін цифрландыру белсенді жүргізілуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Шығыс Қазақстан облысында архив саласын цифрландыру жұмыстары қарқынды түрде іске асырылып жатыр. Бұл үдеріс істердің келіп түсуі мен шығуын есепке алуды, құжаттардың құндылығына сараптама жүргізуді, істер номенклатуралары мен тізімдемелерін сараптамалық-тексеру комиссиясына жолдауды, сондай-ақ электрондық-цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы құжаттарға қол қоюды автоматтандыруды көздейді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында сала мамандары айтты.

Электрондық есепке алу және архивтік деректер ақпараттық жүйесі (ЕЭАД АЖ) құжаттарды жылдам іздеуді қамтамасыз етеді және өзге электрондық құжат айналымы жүйелерімен ықпалдасуға мүмкіндік береді.

2025 жылдың өзінде облыстың мемлекеттік архив мекемелері мен мемлекеттік органдар жүйені толықтыру бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік архиві 87 319 іс тақырыбын енгізіп, сканерленген құжаттарды жүктеуді бастады. Қазіргі уақытта ЕЭАД АЖ-да 34 769 архив ісінде (2,13%) 1 247 650 парақ құжат енгізілген.

Қазақстан Республикасы бойынша архив мекемелері “Архивтік анықтамалар, құжат көшірмелері және үзінділер беру” бойынша бірегей мемлекеттік қызмет көрсетеді. Бұрын бұл қызмет қағаз түрінде ұсынылса, бүгінде азаматтардың көпшілігі нәтижені электрондық форматта алады. Бұл тәсіл жылдам әрі ыңғайлы.

Сондай-ақ, әлеуметтік-құқықтық сипаттағы сұрау салуларды тіркеу және өңдеу толығымен ЕЭАД АЖ арқылы жүзеге асады. “Электрондық үкімет” порталы және ХҚКО-мен интеграция нәтижесінде азаматтардың өтініштері тікелей электрондық архивке түсіп, орындаушы тағайындаудан бастап, нәтижеге ЭЦҚ қоюға дейінгі барлық кезең электрондық форматта өтеді. Қызмет көрсету мерзімі – 11 жұмыс күнінен аспайды.

Облыстың архив мекемелерінде “өзіне-өзі қызмет көрсету” секторлары жұмыс істейді. Мұнда азаматтарға ЭЦҚ алу, өтініш беру, сондай-ақ eGov порталындағы “Жеке кабинеттен” дайын нәтижені алу бойынша кеңес беріледі.

Архив ісін цифрландыру – бұл тек техникалық жаңғырту емес, бүкіл саланың трансформациясы. Ол тарихи-мәдени мұраны сақтау мен қоғамға архивтік ақпаратты қолжетімді етудің жаңа мүмкіндіктерін ашады. Сонымен қатар, инновация мен деректердің түпнұсқалығын сақтау арасындағы тепе-теңдік басты назарда ұсталады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-oskemen/press/news/details/1047953?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді