
2025 жылдың шілдесінде Жамбыл облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының» тапсырысымен «Мәдени мұраны зерттеу және сақтау орталығы» ЖШС Қазақ хандығының туы тігілген өңірге мақсатты ғылыми-зерттеу жұмыстарын бастады. Мердігер ұйымды С. Есен басқарады. Жобаның ғылыми жетекшісі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археология және антропология ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуов. Ортағасырлық Қойшыман қалашығында тікелей қазбаны ҚР ҒЖБМ Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Дөкей Талеев басшылық етуде. Экспедиция құрамында PhD А. Молдахмет, бір докторант, екі ғылым магистрі және жергілікті жұмысшылар бар.
Тамыздың басында ғылыми топ Шу өзенінің төменгі ағысында орналасқан Қойшыман, Шәрі, Үлкен-Ақтөбе, Орта-Ақтөбе, Аяқ-Ақтөбе, Бала-Ақтөбе секілді ортағасырлық қалажұрттарды, Хан тауындағы Керей ханның қыстауын, Хан тағын, Хан сатысын, Хан қорасын, сондай-ақ Жамбыл тауының оңтүстік-батысындағы Сарбұлақ өзенінің оң жағалауында орналасқан Шығай хан ордасын барлап шықты. Барлау кезінде жер бедері, топырақ құрамы, гидрологиялық және климаттық факторлардың ықпалы бағаланып, ескерткіштердің сақталу деңгейі, эрозия белгілері тіркелді. Нысандардың ортофото және топографиялық жоспарлары түсіріліп, әуеден фототүсірілім жасалды, дәл координаттар географиялық карталарға түсірілді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қойшыман мен Шәрі қалашықтарында анықталған мәдени қабаттар, құрылыс қалдықтары, қыш кесектің өлшемдері мен күйдірілу сапасы, тұрмыстық керамика сынықтарының типологиясы, жоспарлау іздері XV ғасыр – Қазақ хандығы құрылған дәуірдің материалдық мәдениетімен сәйкесетінін айқын көрсетеді. Бұл деректер аталған пункттердің сол кезеңдегі саяси-экономикалық құрылымға қызмет еткен аймақтық орталықтар болғанын ғылыми тұрғыдан дәлелдеуге негіз береді. Қазіргі қазба барысында Шәрі аумағынан кесене іргетасының орны көрініп, Қойшымандағы ашылымдардан шаруашылық үй-жайлардың қабырғалары мен ошақ іздері анықталды. Нысандардың шетін ала қорғаныс дуалдарының ізі сақталған. Мұның бәрі тұрақты отырықшы тіршілікті, қолөнер мен сауданың дамығанын аңғартады.
Зерттеу жұмыстары қазақтың тарихи жадындағы географияның нақты координаттарымен түйісіп жатқанын да көрсетіп отыр. Профессор Мадияр Елеуов 1970–2025 жылдары Сырдарияның орта ағысы, Қаратау, Талас–Шу өңірлерінде жүргізген далалық экспедицияларында ел аузынан жазып алынған шежірелік деректерді археологиялық және картографиялық мәліметтермен салыстыра отырып, Керей мен Жәнібек бастаған Ұлы көштің бағытын нақтылау үстінде. Сол зерттеулердің қисыны мен биылғы маусымдағы жаңа деректер Мойынқұм өңіріндегі Тұлпарсаз алқабының «Керейді ақ киізге көтерген жер» ретіндегі рәміздік мәртебесін, ал Қозыбасы тауының – «қазақтың алғашқы туы тігілген жері» ретіндегі тарихи айғақтарын бекемдей түседі. Бұл атаулардың барлығы Мойынқұм аумағынан табылуы – кездейсоқ емес, тұтас бір дәуірдің кеңістіктегі ізі.
Осы логикада Қойшыман мен Шәрі – қазіргі Мойынқұм ауданына қарасты Көкжелек ауылының маңында орналасқан екі маңызды ортағасырлық орталық. Биылғы маусымда дәл осы нүктелерде жүргізілген ашық қазбаларға Көкжелек ауылының тұрғындары да белсене атсалысып, шұңқыр тазалау, топырақ іріктеу, қыш-фарфор сынықтарын сұрыптау, тасымалдау, фотофиксацияға көмектесу секілді жұмыстарды істеуде. Жергілікті халықтың қатысуы – ғылыми сапаны ғана емес, елдің өзінің тарихына деген жауапкершілігін де күшейтетін маңызды фактор.
Тарихи-мәдени ландшафттың тұтастығы Хан тауындағы Керей ханның қыстауы, Хан тағы, Хан сатысы, Хан қорасы тәрізді топонимдермен, ал Жамбыл тауы етегіндегі Сарбұлақ маңында аталған Шығай хан ордасы секілді нүктелермен бекітіледі. Осындай атаулардың жүйелі таралуы – саяси орталықтандыру жүріп жатқан дәуірде билік символикасының нақты географиялық орындармен байланыста болғанын көрсетеді. Зерттеу тобы бұл нүктелерде де көрінетін мәдени қабаттарды тіркеп, оларды кейінгі қазбаларға дайындау мақсатымен картографиялап, фотограмметриялық модельдер жасақтауда.
Профессор Мадияр Елеуов Мойынқұмда «ашық аспан астындағы музей» құру бастамасын ұсынуда. Негізгі уәж – Қазақ хандығының құрылу тарихында аталған жер-су атауларының толық желісі Мойынқұмда шоғырланған; яғни мұнда мемлекеттіліктің қалыптасу үдерісін оқиға-орын бойынша бір маршрутта көрсетуге болады. Ашық музей тұжырымдамасы Қойшыман–Шәрі–Тұлпарсаз–Қозыбасы–Хан тауы–Сарбұлақ бағытындағы кешенді туристік-ғылыми кластер ретінде ойластырылуда: археологиялық парктер, серуен соқпақтары, ақпараттық тақталар, цифрлық ортофото-картамен және QR-кодталған мультимедиалық гидпен толықтырылады. Бұл жергілікті қоғамдастыққа жаңа жұмыс орындарын ашып, Көкжелек пен көрші ауылдардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырады.
Биылғы маусымның нәтижелері алдын ала қорытындылармен шектелмейді. Экспедицияның әдістемесі барлау–қазба–қорғау үштігін қатар жүргізуге негізделген: табылған нысандардың сақталымына қатер төндіретін табиғи және антропогендік факторлар картаға түсіріліп, жедел консервация жоспарлары жасалуда. Ұзақ мерзімді кезеңде стратиграфиялық қима алу, материалдарды зертханалық талдаулардан (керамика петрографиясы, макро-микроқұрам сынақтары) өткізу, салыстырмалы даталау және аймақаралық типологиялық параллельдерді анықтау көзделген. Мұндай кешенді тәсіл тек бір-екі ескерткіштің тағдырын емес, бүтін бір тарихи дәуірдің кеңістіктік-мәдени моделін қайта құруға мүмкіндік береді.
Қазақ хандығының іргетасы қаланған кеңістікті нақты деректермен тану – бүгінгі ұлттық жадыны жаңғыртудың өзегі. Мойынқұмда жүріп жатқан жұмыстардың құны да осында: аңыз бен жазба дерек, топоним мен археология түйіскен тұста тарихтың «аймағы» дәл айқындалады. Көкжелек маңындағы Қойшыман мен Шәрі – мемлекеттілік картасының маңызды нүктелері ретінде қайтадан өмірге келіп жатыр. Ал жергілікті тұрғындардың қазбаға қатысуы мен ашық аспан астындағы музей идеясы бұл тарихты тек оқулықтың бетінде емес, туған жердің топырағында, көзбен көріп, қолмен ұстап тануға жол ашады.
Осы маусым – бастaмасы ғана. Бірақ осы бастаманың өзі-ақ Қазақ хандығының туы тігілген мекенді Мойынқұмның құмынан, тауы мен өзен аңғарынан нақты дәлелмен сөйлетуге болатынын көрсетті. Ендеше, алдағы кезеңде ғылыми қауымдастық пен жергілікті билік, кәсіпкерлер мен тұрғындар бір майданда ұйысса, Мойынқұмның тарихи картасы тек зерттеу нысаны емес, Қазақстанның мәдени-туристік брендтерінің біріне айналары анық.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1052591?lang=kk
Жауап қалдыру