МАҚТААРАЛДА ШЕКАРАШЫЛАР ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
18 тамыз күні Мақтаарал ауданының мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің 33 жылдығына және ел тыныштығын күзетіп жүрген шекарашылардың құрметіне арналған «Шекарашылар – ел тыныштығының қалқаны» атты салтанатты іс-шара өтті.
Аталған шараға Мақтаарал, Жетісай және Шардара аудандарының басшылығы, ардагер шекарашылар, жас сарбаздар мен тұрғындар қатысты.
Мемлекеттік Әнұранмен басталған мерекелік концерт шекара сақшыларына арналған жылы лебіздер мен өнерпаздардың патриоттық әндерімен өрбіді.
Іс-шараны жүргізуші Е.Абдулов еліміздің шекара қызметінің тарихи маңызын ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде: «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің 1992 жылғы 18 тамыздағы Жарлығы шекара қызметінің негізін қалаған маңызды құжат болды. Содан бері ел шебінде тыныштық күзетіп, шекараны қорып жүрген сарбаздар – егемендіктің қорғаны, ел абыройының айқын айғағы», – деп, атап өтті.
Мерекелік жиында Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов, Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков және Шардарадан келген арнайы өкіл сахна төріне көтеріліп, шекаралы аудандардағы шекара қызметінің маңыздылығына тоқталып, қызметте адалдық танытып жүрген 100-ге жуық сарбаздар мен белсенді азаматтар арнайы марапаттады.
Салтанатты шара барысында өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салып, жүрекке жетер патриоттық әндер шырқалды. Жүргізушілер шекарашылардың күнделікті ауыр әрі жауапты еңбегіне тоқталып, шекара күзетінде тұрған сарбаздарды Отан қорғаудың үлгісі ретінде көрсетті.
Мерекелік концерт барысында көрермендер тарапынан ерекше ықылас байқалды. Қатысушылар шекарашылардың ел ішіндегі тыныштықты сақтау жолындағы ерлік істеріне алғыстарын білдіріп, Отан қорғаушылардың еңбегін жоғары бағалады.
Айта кетейік, Қазақстан шекара қызметі – тәуелсіздіктің тірегі, ел тыныштығының тұғыры. Осындай мерекелік кештер жастарға патриоттық тәрбие беріп қана қоймай, қоғамда шекарашылар еңбегінің маңызын кеңінен насихаттайды.
 
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-maktaaral/press/news/details/1053091?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді