
2025 жылғы 18 тамызда Ташкент қаласында «Ұзатом» агенттігінде Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ж.Әлиев бастаған Қазақстан Республикасы делегациясының өзбек мемлекеттік құрылымдары мен ұйымдарының басшылығымен және мамандарымен жұмыс кездесуі өтті.
Келіссөздердің мақсаты атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы екіжақты өзара іс-қимылды дамыту, экологиялық және радиациялық қауіпсіздік мәселелері бойынша тәжірибе алмасу, сондай-ақ атом саласында кадрлар даярлау болды.
Қазақстандық делегация құрамына ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, ҚР Атом энергиясы агенттігінің, қорғаныс, Су ресурстары және ирригация, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау министрліктерінің, ҚР Өзбекстандағы елшілігінің, сондай — ақ жетекші ғылыми және салалық ұйымдардың – «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС, «Қазгидромет» РМК, «Ядролық физика институты» ШЖҚ РМК, «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы» РМК өкілдері кірді.
Өзбек тарапынан «Ұзатом» агенттігінің, Атом электр станцияларын салу дирекциясының, бейінді министрліктердің, НИЯУ МИФИ Ташкент филиалының, сондай-ақ «О’ZGASHKLITI» және Uzliti Engineering компанияларының басшылығы мен мамандары қатысты.
«Ұзатом» агенттігінің директоры А. Ахмедхаджаев атом энергетикасын дамыту бойынша жобаларды қатар жүзеге асыратын елдер арасында тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, өзара іс-қимыл екі тарапқа да энергетика, медицина, ауыл шаруашылығы және су тазарту салаларында ядролық технологияларды бірлесіп ілгерілетуге мүмкіндік береді.
ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ж.Әлиев тәуекелдерді азайту және атом энергетикасын дамытудың өзіндік бағдарламасының тиімділігін арттыру үшін сындарлы диалог пен Қазақстанның Өзбекстан тәжірибесін зерделеуге мүдделілігінің маңыздылығын атап өтті.
Тараптар радиациялық және ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, АЭС салу үшін алаңдардың жер сілкінісіне төзімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ радиациялық және экологиялық ахуалды мониторингілеудің бірлескен жүйесін құру мәселелерін талқылады. Кадрларды даярлау, білім беру бағдарламалары және мамандардың біліктілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әріптестікті тереңдетуге бейілділігін растап, Орталық Азиядағы атом энергетикасын қауіпсіз және тұрақты дамыту үшін бірлескен күш-жігердің маңыздылығын атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1053113?lang=kk
Жауап қалдыру