Шу қаласында МӘМС заңнамасындағы өзгерістер талқыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Шу қаласында МӘМС заңнамасындағы өзгерістер талқыланды
Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) бойынша заңнамадағы өзекті өзгерістерді түсіндіру мақсатында Шу қалалық ауруханасына барып, ұжыммен кездесу өткізді.
Өз сөзінде Сержан Назарбек 2025 жылғы 14 шілдеде Президент қол қойған жаңа МӘМС туралы заңның негізгі ережелеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Заң міндетті медициналық сақтандыру жүйесін кешенді трансформациялауды көздейді және оның қаржылық тұрақтылығын арттыруға, жарналарды әділ бөлуге және халықты сақтандырылған медициналық қызметтермен қамтуды кеңейтуге бағытталған.
Маңызды өзгерістердің қатарында – жарналар есептелетін табыстың ең жоғарғы мөлшерінің ұлғаюы: жұмыскерлер үшін 20 ең төменгі жалақыға (ЕТЖ), жұмыс берушілер үшін 40 ЕТЖ-ға дейін. Сонымен қатар мемлекет жүйені қаржыландырудағы өз үлесін кезең-кезеңімен арттыра бастайды: 2025 жылы – 2%, 2037 жылға қарай – 4,7%-ға дейін, бұл ретте жұмыс берушілер мен жұмыскерлерге қосымша жүктемесіз. Сондай-ақ бес жыл бойы тұрақты түрде жарна төлеген азаматтар уақытша төлем тоқтаған жағдайда алты айға дейін сақтандырылған мәртебесін сақтап қала алады.
2026 жылдан бастап денсаулық сақтау жүйесінде басым медициналық бағыттар бойынша жаңа тарифтер енгізіледі. Ал 2027 жылдан бастап Қазақстан негізінен сақтандыру моделіне көшеді: денсаулық сақтауға жұмсалатын шығыстардың 65%-ы МӘМС есебінен жабылатын болады. Сондай-ақ қамтуды кеңейту қарастырылған: әлеуметтік осал санаттар үшін жарналарды мемлекет жергілікті бюджет есебінен төлейді. Болжам бойынша, 2026 жылы МӘМС жүйесімен қамту деңгейі 95%-ға жетеді.
Бөлек блок ретінде басқарма басшысы Бірыңғай медициналық көмек пакеттерінің артықшылықтарын түсіндірді. Ол базалық мемлекеттік кепілдіктер мен МӘМС аясындағы қызметтерді біріктіреді. Мемлекет әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуді, шұғыл және паллиативтік көмекті, сондай-ақ жоғары технологиялық медициналық көмекті қаржыландыруды жалғастырады. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап барлық онкологиялық скринингтер азаматтар үшін олардың сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін болады.
Сержан Назарбектің айтуынша, пакеттерді біріктіру медициналық қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді, халықтың жүйеге деген сенімін арттырады және саланың орнықты дамуына ықпал етеді. Ол ақпараттық-түсіндіру жұмысының ауқымын медициналық қауымдастық арасында да, халық арасында да кеңейту қажеттігін ерекше атап өтті.
Кеңес қорытындысында ол азаматтардың реформа мәні, олардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ кепілдендірілген медициналық көмектің қолжетімділігі жөнінде толық ақпараттандырылуын қамтамасыз ету маңыздылығына назар аударды. Әсіресе Бірыңғай медициналық көмек пакетінің артықшылықтарын қосымша түсіндіруді қажет ететін осал санаттағы тұрғындармен жұмыс ерекше мәнге ие екендігі айтылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-densaulyk/press/news/details/1053427?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді