Шу қалалық ауруханасындағы жағдай: Басқарма басшысы медицина қызметкерлерінің шағымын тыңдады

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Шу қалалық ауруханасындағы жағдай: Басқарма басшысы медицина қызметкерлерінің шағымын тыңдады
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек Шу қалалық ауруханасы қызметкерлерімен кездесіп, олардың әлеуметтік желіде көтеріп жатқан шағымдары бойынша уәждерін тыңдады.
Аурухана қызметкерлері жалақыларының төмендігі, сыйақылардың берілмеуі және өздерінен жүйелі түрде ақша жиналатындығы жөнінде шағымданды.
Кездесу барысында ақ халаттылар мекемеде ұзақ уақыттан бері сыйақы мен ынталандыру төлемдері берілмей келе жатқанын, еңбек жағдайының ауырлығына қарамастан жалақы мөлшерінің аздығын, сонымен қатар бөлім басшылары тарапынан әртүрлі сылтаулармен ақша жинау фактілері орын алып отырғанын ашық жеткізді. Бұл жағдайлар ұжымда моральдық-психологиялық ахуалдың нашарлауына себеп болғанын айтты.
Сержан Назарбек көтерілген мәселелердің барлығы басқарманың жіті бақылауында екенін атап өтті. Қазіргі уақытта бұл мән-жайлар бойынша құқық қорғау органдары, облыстық әкімдік және денсаулық сақтау басқармасы тарапынан тексерулер жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, тиісті тексерулер аяқталған соң ғана нақты шешімдер қабылданып, анықталған заңбұзушылықтар бойынша жауапты тұлғаларға шара қолданылады.
Сонымен қатар, алдағы уақытта туындайтын барлық күрделі мәселелер мен маңызды сұрақтарды, ең алдымен, тікелей өзіне хабарлауын өтінді. Басқарма басшысы ретінде жауапкершілікті өз мойнына алатынын, әрі кез келген шешімін таппаған мәселені жеке бақылауына алып, оны тиімді әрі уақтылы шешуге дайын екендігін атап өтті. Ол ұжым мүшелерінің ашықтық пен сенімге негізделген қарым-қатынас ұстануын, қиындықтардан қашпай, оларды бірлесіп шешуге ұмтылуын маңызды деп есептейтінін жеткізді.
Сонымен қатар, басқарма басшысы алдағы уақытта Шу қаласында жаңа аурухана құрылысын салу мәселесі күн тәртібінде тұрғанын мәлімдеді. Бұл – медициналық қызметтің сапасын арттырып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы маңызды қадам болмақ. Сондай-ақ, аталған аурухана – ауданаралық, әрі көпбейінді емдеу мекемесі ретінде қайта құрылатындықтан, бірқатар мәселелердің де шешімі табылып қалатындығын жеткізді.
Кездесу барысында Сержан Назарбек жаңадан тағайындалған аурухананың жаңа бас дәрігері Нұрлан Кезембаевқа аталған мәселелерді жіті бақылауға алып, ұжыммен тиімді жұмыс жүргізуді, қызметкерлердің құқықтары мен еңбек жағдайларын жақсартуға қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Басқарма тарапынан құрылған арнайы комиссияның қорытындысы шыққан соң, бұған дейін көтерілген барлық сұрақтар бойынша нақты шешімдер қабылданатын болады. Сержан Назарбек бұл жағдайдың бақылаусыз қалмайтынын және медицина қызметкерлерінің заңды талаптары мен мүдделері ескерілетінін ерекше атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-densaulyk/press/news/details/1053421?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді