Өңірде студенттерге жатақханалардан орын дайындалуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жаңа оқу жылының қарсаңында облыс әкімі Асхат Шахаров өңірдегі ЖОО мен колледж студенттерін жатақханаларға орналастыру мәселелері бойынша жиын өткізді. Талқылауға салалық басқарма басшылары, жоғары оқу орындары және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиевтің айтуынша, студенттерді жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызда аяқталады, ал 26 тамыздан оларды жатақханаларға орналастыру басталады.

Алдын ала мәліметтер бойынша, жаңа оқу жылында облыстағы үш жоғары оқу орнында 22 193 студент оқымақ. ЖОО қарамағында 4 572 орынға арналған 10 жатақхана бар.

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде 2200 орынға арналған 4 жатақхана жұмыс істейді. Барлығы ағымдағы жөндеуден өтіп, студенттерді қабылдауға дайын. Өтінімдер SMART қосымшасы арқылы қабылданады, ал басымдық әлеуметтік осал топтағы студенттерге беріледі.

М. Оспанов атындағы БҚМУ-да 2168 орынға арналған 5 жатақхана бар. Соның екеуінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

С.Бәйішев университетінде 204 орындық 1 жатақхана бар, ол жаңа оқу жылына толық дайын.

Студенттерді уақытша орналастыру үшін «Эрудит бизнес» ЖШС (620 орын), «Salem space» ЖШС (160 орын) және «Skyfall» студенттер үйі қарастырылған. Аталған ұйымдармен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылған.

Білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева облыста 40 колледж жұмыс істейтінін, соның ішінде 26 колледждің 2438 орынға арналған өз жатақханасы бар екенін хабарлады. Жаңа оқу жылында өңір колледждерінде 28 мыңнан астам студент оқиды.

«Барлық колледжде жөндеу және санитарлық жұмыстар жүргізілді, өртке қарсы жүйелер тексерілді, жылыту жүйелері дайындалды. 23 жатақханада жөндеу толық аяқталды, тағы үшеуінде – соңғы сатыда», – деп түсіндірді Бұлбұл Күзембаева.

Облыс әкімі Асхат Шахаров студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі ерекше бақылауда тұрғанын атап өтті.

«Біз үшін Ақтөбеге немесе аудандық колледждерге орналасқан әрбір студенттің қауіпсіз әрі жайлы жағдайда тұруы маңызды. ЖОО мен колледждер жатақханаға тең қолжетімділікті қамтамасыз етіп, әлеуметтік осал санаттағы жастарға басымдық беруі тиіс», – деді өңір басшысы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-veterinariya/press/news/details/1053519?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді