
Жетісу облысының Ішкі мемлекеттік аудит департаменті жыл басынан бері атқарылған жұмыстар нәтижесінде мемлекеттік қаржының жұмсалуына қатысты маңызды қорытындыларын жариялады.
Алты айда барлығы 49 аудиттік іс-шара өткізілген. Оның ішінде 8-і – жоспарлы, ал басым бөлігі, яғни 41-і – жоспардан тыс тексерулер. Бұл тексерулер көбінесе мемлекеттік органдардың тапсырмалары, азаматтар мен ұйымдардың шағымдары, сондай-ақ тәуекелдерді басқару жүйесінің деректері негізінде жүргізілген.
Аудит нәтижесінде жалпы сомасы 13,1 миллиард теңгеге бұзушылықтар анықталды. Оның 3 миллиардтан астамы – қаржылық, ал 9,6 миллиарды – рәсімдік сипаттағы кемшіліктер. Жарты жылдың ішінде бюджетке 2,7 миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылды. Қалған соманы өндіру бағытында жұмыс жалғасуда.
Департамент анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін 48 нұсқама берді, олардың басым бөлігі орындалған. Сонымен қатар, 40 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылып, 240 әкімшілік айыппұл салынды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 23,9 миллион теңге болып, оның 98 пайызы өндірілді.
Камералдық бақылау шеңберінде жалпы құны 451 миллиард теңгеден асатын 9 751 лот тексеріліп, бұзушылықтар бойынша 1 018 хабарлама жолданды. Онлайн-бюджет мониторингі де тиімділігін көрсетті – 48 ұйым бойынша тәуекелді төлемдерге қатысты 918 хабарлама дайындалып, заңсыз төлемдердің бір бөлігі бюджетке қайтарылды.
Департамент Жоғары аудиторлық палата және Ревизиялық комиссиямен бірлесіп, мемлекеттік қаражаттың ашық әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету бағытында бақылауды күшейтіп отыр.
2025 жылдың соңына дейін басты мақсат – аудит сапасын арттыру, қаржылық бұзушылықтарды толық өтеу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және азаматтардың өтініштерін сапалы әрі уақытында қарау.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-karatal-eskeldi/press/news/details/1053603?lang=kk
Жауап қалдыру