
Атырауда «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды. Іс-шараға аймақ әкімі Серік Шәпкенов қатысып, еліміздің басты құндылығы саналатын отбасы институтын нығайтуға, отбасылық тәрбие мен ұлттық тәрбиенің мән-маңызын арттыруға бағытталған ерекше байқаудың маңыздылығына тоқталды.
Биыл бұл байқаудың қалалық және аудандық кезеңіне 74 отбасыдан өтінім түсті. Олардың 16-сы облыстық кезеңге жолдама алып, нәтижесінде 8 отбасы үздік танылды.
Атап айтсақ, Атырау қаласынан – Сердалиевтер отбасы, Индер ауданынан – Қансұлтановтар отбасы, Исатай ауданынан – Қарабалиндер отбасы және Мақат ауданынан – Көккөзовтер отбасы лауреат атанды.
Облыстық кезеңнің бірінші орны Махамбет ауданының тұрғыны Ғұднан Нұрғалиевтің, 2-ші орын қызылқоғалық Ізбасар Отардың отбасына бұйырды. Ал үшінші орынды Жылыой ауданында тұратын Гайдар Арыстановтың жанұясы иеленді.
Бәйгенің облыстық кезеңінің жеңімпазы болып Құрманғазы ауданындағы Утеповтер отбасы танылды. Зияпеден Утепов пен жолдасы Мағауира Утепова екі қыз, екі ұл, тоғыз немере, бес жиен өсіріп отырған теміржолшылар династиясы.
Жалпы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы 2014 жылдан бері елімізде дәстүрлі түрде өткізілуде. Облыс бойынша 11 жылда 726 отбасы қатысқан.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-sayasat/press/news/details/1053728?lang=kk
Жауап қалдыру