Нұрдәулет Қилыбай еңбек ардагерлерін Амал мерекесімен құттықтап барды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

14 наурыз – Амал мерекесі күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірдің ардагерлеріне көрісе барып, халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрі бойынша ел үлкендеріне құрмет көрсетті.
Алдымен аймақ басшысы мәдениет саласының ардагері, ақын Ақшагүл Рамазанованың шаңырағына барды. Ақшагүл Сейдоллақызы саналы ғұмырын білім беру мен мәдениет саласына арнап, ел руханиятының дамуына зор үлес қосқан тұлға. Аймақ басшысы ақын әрі қоғам қайраткері ретінде танылған ардагер облыс әкімімен әңгіме барысында ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен жас ұрпақтың тәрбиесі туралы ойымен бөлісті.
Облыс әкімі білім беру саласының ардагері Қойлыбай Қаражановтың да үйіне барды. Қойлыбай Қаражанов өз өмірін ұстаздыққа арнап, талай шәкірт тәрбиелеп шығарған. Сонымен қатар, ол өлке тарихын зерттеп, бірнеше танымдық кітаптардың авторы атанған.
Сондай-ақ, Көрісу күні өңір басшысы көп балалы ана, сауда саласының ардагері Ақмейіз Бисембиеваға барып амандасты. Ардагердің марқұм жолдасы Құлқаш Қарамұрзиев мұнайшы болған. Маңғыстауда геологиялық іздестіру жұмыстарына ат салысып, «Ленин», «Құрмет» ордендерімен марапатталған.
Өз кезегінде Нұрдәулет Қилыбай аға буын өкілдеріне алғыс білдіріп, олардың қажырлы еңбегі мен өнегелі өмір жолы жастар үшін үлгі екенін атап өтті.
– Ардагерлеріміз – елдің байлығы, ұрпақ сабақтастығының алтын көпірі. Сіздердің еңбектеріңіз ешқашан ұмытылмайды. Ақыл-кеңестеріңіз, баталарыңыз – біздің басты бағдарымыз. Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Амалдан амалға аман-есен жете беріңіздер! – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Еңбек ардагерлері ел амандығын тілеп, облыс басшысына баталарын берді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/957551


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді