Аманғали Бердалин Ұлытау облысының тұрғындарымен кездесті  

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Аманғали Бердалин өңірдің тұрғындарымен және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, шаруаларға мемлекеттік қолдау және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

«Мемлекет басшысы АӨК-де ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есе арттыру міндетін қойды. 2025 жылғы қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша Ұлытау облысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің нақты көлем индексі 101,4% құрады. Жоспарланған көрсеткіштерді орындау үшін қысқа мерзімде өндіріс көлемін ұлғайту шараларын жүзеге асыру қажет, атап айтқанда – егіс алқаптарын әртараптандыруды жандандырып, жоғары рентабельді дақылдарға көшу, сондай-ақ мал шаруашылығын дәйекті түрде дамыту қажет», – деді Аманғали Бердалин.

Ұлытау дәстүрлі түрде жылқы шаруашылығы жақсы дамыған өңір болып саналады. Осыған байланысты кездесу барысында қымызды қоса алғанда, жылқы еті мен сүт өнімдерін өндіру бағыттарын мемлекеттік қолдау маңыздылығы атап өтілді.

7 айдың қорытындысы бойынша өңірде 7 мың тонна ет (тірідей салмақта), 37 мың тонна сүт өндірілді. Ірі қара мал саны – 155,2 мың бас, ұсақ мал – 229,3 мың басты құрады.

Ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қаржыландыруға қолжетімділігін арттыру мақсатында 2025 жылы 486,3 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несиелер берілді. Бұл 5,4 мың гектардан астам егіс алқабын қамтуға мүмкіндік берді.

Өңірдегі аграрлық секторды дамытудың негізгі бағыттарының бірі – инвестициялық жобаларды іске асыру болып қала береді. СҚО тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында өңірде бес жобаны іске асыру жоспарланған. 2025-2027 жылдарға арналған инвестициялық жобалардың Жол картасы аясында облыста жалпы құны 10,9 млрд теңгені құрайтын 9 жобаны жүзеге асыру көзделген. Оның ішінде алтауы биыл іске асырылмақ: үш жоба – мал шаруашылығында, екеуі – суармалы, біреуі – көкөніс қоймасын салу бойынша.

Министрдің міндетін атқарушы мемлекеттік қолдау шаралары, көктемгі егіс және жинау жұмыстарына жеңілдетілген қаржыландыру туралы хабардар етті.

«1 тамыздан бастап ірі қара мен ұсақ мал бордақылау алаңдарын жылдық 5% мөлшерлемемен 50 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы іске қосылды. Бұл бастама саладағы айналым қаражаты тапшылығын шешуге бағытталған. Сондай-ақ, асыл тұқымды ірі қара мен ұсақ мал басын сатып алуға жылдық 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беруді қарастыратын «Игілік» бағдарламасы әзірленуде», – деді ол.

Кездесу барысында шаруалар ауылдық аумақтарды дамыту, балық шаруашылығын дамыту, субсидиялау тетіктері, су үнемдеу технологияларын енгізу және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселелерін көтерді.

Кездесу соңында Аманғали Бердалин азаматтармен жеке қабылдау өткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1054296?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді